Абай облысының халқына жылыту маусымында 570 мың тоннаға жуық көмір қажет
Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жылыту маусымында өңірге 1,245 млн тонна көмір жеткізілуі тиіс. Оның ішінде тұрғындарға – 567,9 мың тонна, орталықтандырылған жылу көздеріне – 595,4 мың тонна, бюджеттік ұйымдарға 84,5 мың тонна керек.
Абай облысының коммуналдық секторын көмірмен уақытылы қамтамасыз ету үшін «Қаражыра» және «ҚТЖ» АҚ-мен бірлесіп, шахтадан көмірді уақытылы жеткізу үшін вагондардың кестесі әзірленді. Бүгінгі таңда теміржол тұйықтарында 13,3 мың тонна көмір бар. Оның ішінде Семейде – 9 мың тонна, Аягөз ауданында – 3,4 мың тонна, Жарма ауданында – 200 тонна, Бородулиха ауданында – 660 тонна.
«Тұрғындарды жылу беру маусымы басталғанға дейін көмір сатып алуға шақырамыз. Себебі күн суыта салысымен кезек көбейіп, үлкен сұранысқа байланысты көмір бағасы көтеріліп кетуі мүмкін. Бұдан бөлек, көмірдің бағасы бәскелестік, яғни нарықтағы сұранысқа қарай белгіленеді. Қатты отынның бағасын осы саладағы уәкілетті орган бақылайды», - дейді Абай облысының Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы Алтынбек Әділбеков.
Қазір аймақта көмірге деген үлкен сұраныс және ұзын-сонар кезек жоқ. Теміржол тұйықтарында көмір жоспарға сәйкес уақытылы жеткізіліп жатыр.