Абай облысының тұрғыны Атырауда 1,5 мың доза есірткіні заңсыз сақтаған
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Абай облысының 25 жастағы тұрғынының есірткіні заңсыз сақтап келгені анықталған.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Атырау қаласында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, синтетикалық есірткіні сақтаған күдіктіні ұстады. Күдікті – Абай облысының 1998 жылғы тұрғыны. Одан салмағы 487,75 грамдық 1 500 доза есірткі заты тәркіленді. Медициналық сараптама қорытындысымен есірткінің мефедрон екені анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-поцестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауға өзге өңірден келіп есірткі сатқан екі адам 7 және 10 жылға сотталғанын жазған едік.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, есірткі сатушылар 2022 жылдың 13 желтоқсанында ұсталған.
Өзге облыстан келген 2002 және 2004 жылғы тұрғындарынан полимерлі пакеттегі 19 «Ziplock» психотроптық және әртүрлі түстегі 18 флакондағы есірткі заттары тәркіленді. Медициналық сараптама қорытындысымен 59,2891 грамм болатын мефедрон және 339,0289 грамм «Альфа PVP» синтетикалық есірткісі екені дәлелденді.
Сот шешімімен өз кінәсін мойындаған 2002 жылғы жігіт 10 жылға, ал 2004 жылғы бойжеткен 7 жылға бас бостандығынан айырылды.