Екі күн ішінде елордалық «Астана Опера» театрында 2 500 көрермен болды. Олардың қатарында астаналық тұрғындар мен қонақтар, сондай-ақ музыкатанушылар, музыка сыншылары мен «Абай» операсын тек шығарма ретінде емес, оны өмірдің бір бөлігі деп қабылдайтындар да бар.
10 қазанда тыңдарман тамашалайтын басты орындаушылар құрамында: Абай - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев; Ажар - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова, әртіс үшін бұл дебют болмақ; Айдар - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жан Тәпин, Жиренше - Евгений Чайников, Әзім - Рамзат Балақышиев, Көкпай - Талғат Ғалеев, Қарлығаш - Татьяна Вицинская. Аталған спектакльде алғаш рет өнер көрсетіп, Сырттанның партиясын орындайтын тағы бір әртіс - Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, Нарымбет - Ерұлан Кәмел, Мес - Нұрлыбек Қосбармақов. Дирижерлік тізгінде - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» бас дирижері Алан Бөрібаев. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі мәлімдеді.