Абай полициясы дрондардың көмегімен Алакөл тасжолында бақылауды күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысы аумағында Алакөл көлінде туристік маусымының басталуына байланысты жол қозғалысы қарқынының артуы байқалады, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Фото: Абай облысы ПД

Осыған орай, өңірге келушілер легінің көбеюі Мақаншы–Жалаңашкөл автожолының жүктемесін едәуір күшейтіп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің маңыздылығын арттырып отыр. Осы жағдайда Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерекше рөл атқарып жатыр.

Фото: Абай облысы ПД

Полиция тарапынан жол-көлік оқиғаларының алдын алу, құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтау және көлік қозғалысын тұрақты бақылауда ұстау мақсатында заманауи цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады. Соның ішінде әуеден бақылау жүргізуге арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) тиімді пайдаланылады. Полиция қызметкерлері жүргізіп отырған әуеден бақылау барысында қарсы қозғалыс жолағына шығу, белгіленген жылдамдық режимін бұзу, қауіпті маневрлер жасау және өзге де жол қозғалысы ережелерін сақтамау деректерінің жолы кесіледі. Мұндай құқықбұзушылықтар тек жүргізушінің ғана емес, жолаушылар мен барлық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Осы орайда Мақаншы аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Әділ Ковнашаров жүргізушілерге үндеу жасап, жолдағы тәртіптің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Фото: Абай облысы ПД

— Жол қозғалысы ережелерін сақтау — әрбір жүргізушінің міндеті. Алакөл бағытындағы көлік ағынының көбеюіне байланысты біз күшейтілген режимде жұмыс істеп, құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап отырмыз. Әрбір жүргізуші өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы тиіс, — деді полиция подполковнигі.

Фото: Абай облысы ПД

Абай облысы ПД жол — жоғары тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін ортақ кеңістік екенін атап өтті. Бұл бағытта полиция қызметкерлері тарапынан жүргізіліп жатқан бақылау мен профилактикалық шаралар жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты тетігі болып отыр. Белгіленген жылдамдық режимін сақтау, қауіпті маневрлерден бас тарту және жолда мұқият болу — әрбір азаматтың міндеті. Әр сапардың қауіпсіздігі полицияның бақылау шараларымен қатар, жүргізушілердің жеке жауапкершілігіне де тікелей байланысты.

Бұған дейін Алакөлде полиция майоры бірнеше туристің өмірін құтқарып қалғанын жазған едік.