Абай туралы қандай фильмдер түсірілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ халқының рухани көшбасшысы, ақыл-ойдың айбыны – Абай Құнанбайұлының өмірі мен мұрасы экранда сан қырлы сәулесін шашты. Үш көркем фильм мен екі телесериал Абай тұлғасын әр қырынан көрсетуге тырысты.
Тарихи-биографиялық жанрда түсірілген аталған туындыларда Абай тұлғасының қалыптасу сатыларының үш кезеңі бейнеленген. Осылайша, «Құнанбай» (2015) фильмінде қанаты қатая қоймаған, таңсық әлемге әлі де таңдана қарайтын бала Абай бейнесі суреттелсе, «Абай» (1995) фильмінде балалықты артқа тастап, даналыққа қадам басқан жас Абай бейнеленіп, «Абай әндері» (1945) көркемсуретті фильмі мен «Абай жолы» (2020) телесериалдарында Абай бейнесі егде жасқа жетіп, ақыл-парасаты толысқан, көркем сөздің хас шебері, кемел ойдың кемеңгері ретінде көрсетілген. Ал, «Абай» (2020) телевизиялық сериалында Абайдың өмір жолының үш кезеңі де қарастырылған. Ендеше, әр туындыдағы кемеңгер тұлға бейнесінің ашылу деңгейіне жеке тоқталып, көркемдік ерекшеліктерін қарастырып көрелік.
«Абай әндері»
Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, ұлт ағартушысы – Абай Құнанбайұлының өміріне негізделіп, тарихи-биографиялық жанрда түсірілген «Абай әндері» (Г.Рошаль, 1945) фильмі ұлттық киномыздың қалыптасу тарихында алар орны ерекше туынды. Себебі, Біріккен студиялар орталығы (ЦОКС) ыдырағаннан кейін құрылған «Алматы» киностудиясының тұңғыш көркемсуретті шығармасы ретінде тарих беттерінде сақталған аталған фильм - қазақ киноөндірісінің өз бетімен даму жолындағы алғашқы батыл қадамы. «Абай әндері» туындысының түсірілімі М.Әуезовтің Абай өмірін терең зерттей бастаған кезеңімен тұспа-тұс келуі – фильмнің сәтті шығуына әсер еткен факторлардың бірден бірі екені сөзсіз. Осы ретте, туынды авторлары ұлы ақынның экрандағы бейнесін оның өз өмірінен алынған деректер арқылы емес, керісінше, Абайды қоршаған орта сипаты, дәлірек айтқанда, ондағы жеке адамдар бейнесі арқылы ашуымен ерекше. Фильм оқиғасы бастапқыда жас ғашықтар Айдар мен Ажар төңірегінде өрбиді. Абай екі жастың сезімдерін таптап, әмеңгерлікті жүзеге асырғысы келген «әпенбақар тобырдың» әділетсіздігіне араласуға мәжбүр. Осылай басталған кейіпкер сипатын ашу мүмкіндіктері бірте-бірте күрделеніп, даудың салмағы еларалық, рулық тартысқа ұласады. Тағы да Абай сынаққа түседі. Міне, осындай ортада ақынның барлық адами қасиеті, оның кемеңгерлігі экраннан табиғи, нанымды әрі тартымды шыққан.
Иә, детальдерге аса қатты мән берілмейтін, ірі пландарға қарағанда жалпы және орта пландардан құрылған эпизодтар тізбегінен құралған фильмде киноға қарағанда театрға жақынырақ элементтер кездеседі: жалпы пландардың көптеп пайдаланылуы, ракурстардың аса көп алмаспауы, актерлердің ым-ишара мен эмоцияға беріліп ойнауы, кей жағдайларда дыбыстық қатардың сәйкеспеуі сияқты. Дегенмен, бұл жайт кинотуындының мазмұны мен айтар ойына, көркемдік құндылығына кері әсерін тигізбейді. Бұл ретте, қазақтың біртуар актері Қалибек Қуанышбаевтың орындауындағы Абай аса салмақты, кемеңгер, ақылды әрі ойшыл ретінде бейнеленсе, Шәкен Аймановтың сомдауындағы негізгі антогонист – Шәріп бейнесі аса білімді, Абайға, оның идеяларына жан-тәнімен берілген, сол үшін кісі өлтіруге дейін баруға дайын кейіпкер ретінде берілген. Сондай-ақ, Әмина Өмірзақова, Қапан Бадыров, Шара Жандарбекова, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қамал Қармысов сынды дарынды әртістердің шебер ойындарының да картинаның сол заманның кино түсіру мүмкіндіктеріне сай жоғары деңгейде шығуына септігін тигізгендігі хақ.
Фильм үшін арнайы тігілген кейіпкерлердің әсемдік пен мазмұндық жағынан үйлесім таба білген костюмдері, әшекей бұйымдары ұлттық ою-өрнектер арқылы үйлесімді безендіріліп, нағыз қазаққа тән киім киіс үлгісін жеткізген.
Ардақ Әмірқұловтың "Абай" фильмі
1995 жылы 7 тамызда ғұлама тұлғаның 150 жылдық мерейтойына орай Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен А.С.С. (Франция) студиясының бірлестігі нәтижесінде А.Әмірқұловтың «Абай» көркемсуретті фильмі көрерменге жол тартты.
«Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы екі бөлімінің желісімен түсірілген бұл фильм Абайдың жастық шағы мен оның тұлға ретінде қалыптасу кезеңін бейнелеуге тырысқан. Фильмдегі Абай бейнесі XIX ғасырдағы қазақ даласында орын алған адам мен қоғам арасындағы қақтығыстар, әке мен бала арасындағы қарама-қайшылықтар арқылы суреттеледі.
Ардақ Әмірқұловтың «Абай» фильмі тарихи туынды болғанына қарамастан, «Қазақ жаңа толқыны» бағытының эстетикасына жақын. Батыс киносының кино түсіру мәнеріне жүгінген режиссердің фильміндегі үстемділік бейнелік шешім мен оның формасына берілген. Алғашқы кадрларынан-ақ көрерменнің еңсесін түсіретін күңгірт, сұр түстерге боялған фильмнің атмосферасын режиссер кеңес дәуірінің фильмдеріндегідей актер ойыны арқылы емес, метафора мен символизм элементтерінен құралған таза кино тілі арқылы ашуға тырысқаны байқалады.
Жас актер Ғабиден Тұрақбаевтың сомдауындағы Абай бейнесі түр әлпеті аса ұқсамайтындығына қарамастан, өз рөлін көңілге қонымды деңгейде сомдап шыққан. Алайда, фильмдегі Құнанбай бейнесі алдыңғы планға шығып, Абай бейнесі әкесінің көлеңкесінде қалып қойғандай әсер тудырады.
Сондай-ақ, романның экранға бейімделу жағынан да сәтсіздікке ұшырағанын аңғаруға болады. Бұл тұрғыда кинотанушы Гүлжан Наурызбекова аталған фильмді талдауға алған мақаласында: «Фильм авторлары романдағы сюжеттік тізбектерді экранға бейімдеу барысында сөзбе-сөз көшіру тәсілдеріне ұрынып қалған. Нәтижесінде, әр эпизод аяғына дейін тиянақты өңделмей күрт үзіліп қала береді. Көрермен зейіні шашырап, қай оқиғаның жетегіне ілесерін білмей дал болады. Осы айтылған себептер нәтижесінде фильм мазмұнының драматургиялық қазығы аса айқын болмай шыққан», - деп жазды. Біз де кинотанушының бұл пікірімен толықтай келісеміз.
«Құнанбай» фильмі
Орыстың ең нәзік жанды ақындарының бірі Марина Цветаева: «мен поэзияға сыймай кеткенде, пьеса жазамын» дегендей, Досқан Жолжақсынов та театрға сыймай киноға кетті, актерлікке сыймай режиссураға бет бұрды. 2015 жылы ұлттық болмысты аша алатын қасиетімен бағалы болған Досқан Жолжақсынов ел назарына атақты дала шонжары, қазақ тарихында өшпес із қалдырған шоқтығы биік тұлға, айналасына әділет орнатып, өнеге тартқан кемеңгер абыз, ұлы Абайдың әкесі – Құнанбай Өскенбайұлының тағдыры туралы сыр шертетін «Құнанбай» (2015) атты тарихи көркем туындыны ұсынды. «Құнанбай» фильмінің сценарийін Досқан Жолжақсынов көрнекті жазушы Таласбек Әсемқұловпен бірлесе отырып жазды.
Кеңес кезеңінде өмір сүрмегеніне қарамастан, есімі заман идеологиясының құрбаны болған Құнанбайды Досқан Жолжақсынов өзге қырынан ашып, өзінше суреттеген. Досқанның Құнанбайы – кер заманның қыспағынан шыға алмаған Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» романындағыдай қатыгез, озбыр, әсіре діндар, кертартпа, үстем тап өкілі емес. Досқанның Құнанбайы – терең білімді, кемел ойлы, қаймыққаннан көзіне жас үйірілетін, кейде тоқырап, шашырап қалатын, қатал болса да озбыр емес, жанындағыларға қиянаты жоқ, ісіне әділетті, қайсар мінезді жан. Тарихи шындық та осы.
«Бала айтқанды емес, көргенін істейді» демекші, фильмде қанаты қатая қоймаған, таңсық әлемге әлі де таңдана қарайтын бала Абайдың қалыптасуындағы әке бейнесінің алатын орнын, рөлін ұлына берген тәлім-тәрбиесі арқылы көреміз.
Қазақ кино өнеріне сыбағалы, сүбелі болып қосылған «Құнанбай» фильмі – режиссері әрі негізгі рөлді сомдаушы Досқан Жолжақсыновтың жанымен ұғынып, жүрегімен сезініп таспалаған туындысы. Қазақтың болмысын, дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін экран арқылы көруге шөлдеп қалған өнер сүйер қауым үшін бұл фильм таптырмайтын дүние болды. Соңғы жылдардағы қазақ киносында ғана емес, жалпы ұлттық мәдениетіміз бен рухани өміріміздегі шоқтығы биік туындылардың бірі де бірегейі ретінде сыншылар тұрғысынан жақсы пікір тудырған фильм, халық арасында да өте жылы қабылданды.
Ұлттық арна түсірген «Абай» телесериалы
Абайдың 175 жылдық мерейтойына арнап «Qazaqstan» ұлттық арнасы түсірген «Абай» телесериалы көпшілік қауымның тағатсыздана күткен туындыларының бірі еді. Режиссер Мұрат Бидосовтың теледидар экраны арқылы ұсынған Абай бейнесі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі оқиғаларды арқау ете отырып, ол өмір сүрген дәуірді таспалаған. Хәкім өмірінен сыр шертетін телевизиялық сериалдағы негізгі рөлдерді Болат Әбділманов, Бауыржан Қаптағай, Досжан Жанботаев, Дулыға Ақмолда қатарлы еліміздің белгілі кино және театр актерлері нанымды сомдаған. Сол заман келбетін таспалаған кинооператор Айдын Мақсат пен дәуір бейнесін шынайы бейнелеген қоюшы-суретші Берікбол Шашубаевтың жұмысы да жақсы бағаға лайық. Сериалдағы грим мен дыбыс оператор жұмысы да атап өтуге тұрарлық. Десек те, «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші, көркем бейнеге қарағанда сөзге басымдық көбірек берілген туындыда актерлердің заманауи сөз саптау мәнері сериалда бейнеленіп отырған заман лебімен үйлеспей, көрермен көңіліне нанымсыздық ұялататыны рас. Иә, сериал кейіпкерлерінің костюмдері көздің жауын алары сөзсіз.
Алайда, актерлердің жылы күнде бастарына тымақ киіп, иықтарына қыстық шапан жамылып жүргендері қаншалықты орынды? Олардың бір де бір қыртыссыз, сандықтан қазір ғана шығарғандай әсер қалдыратын жалтырап тұрған көйлектері де көңілге кірбің ұялатады. Өкінішке қарай, бұл тек аталған сериалға ғана емес, жалпы тарихи жанрда түсіріліп жүрген заманауи отандық фильмдердің басым көпшілігіне тән жайт.
«Абай жолы» сериалы
«Абай» телехикаясының ізін суытпай, «Хабар» арнасы да «Абай жолы» (2020, реж: М.Есжан) атты сериалын көрермен назарына ұсынды. Абайдың бейнесін экран өнері арқылы ашуға бел буған бұл туынды берілу формасымен ерекшеленді. Сериал «Абай жолы» деп аталғанымен Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясының желісі бойынша емес, ұлты үшін ұлы қадам жасаған жазушының көркем бейне жасау барысындағы қиын-қыстау кезеңде басынан өткерген сәттері жайлы түсірілген. Абай мен Әуезов - екі дәуірдің адамдары болғанымен, екеуінің де тағдыры ұқсас, мұңдары бір, көздеген мақсаттары ортақ тұлғалар. Туындының режиссері осы екі тұлғаның өмір жолын бір-бірінен ажыратпай суреттеу үшін параллельді монтаж тәсілін пайдаланған. Сериал авторлары жүгінген бұл монтаж түрі сонау 1916 жылы жарыққа шыққан Дэвид Уорк Гриффиттің «Тағатсыздық» (ағыл. Intolerance: Love's Struggle Throughout the Ages) фильмінен бері қолданып келе жатқан таңсық емес тәсіл. Дегенмен, қос дәуірді қатар суреттеуді қазақ киносында бұған дейін кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов қана «Аманат» фильмінде қолданған болатын. Сондай-ақ, отандық режиссерлер көп қолдана бермейтін флешбек, демек, қайта оралу тәсілі де орынды пайдаланып, көркем шығарманың мазмұнына жан-жақты үңілуге мүмкіндік берген. Осылайша, Абай тұлғасы Әуезов арқылы, ал, Әуезов болмысы Абай арқылы тереңінен ашылған. Бұл - бір шетінен режиссердің өз-өзін жаңа формада сынап көруі болса, екіншіден, Абай бейнесінің шеңберінде ғана қалып қоймай, бұған дейін ешбір көркем туындыда таспаланбаған Әуезов бейнесінің ашылуына септігін тигізген ұтқыр шешімі.
Кез келген туындының іргетасы – жақсы сценарий. Осы ретте жақсы сценарийдің әтуерін нанымсыз диалогтар мен бейнеленіп отырған дәуірге үйлеспей, үндеспей жататын кейіпкерлердің сөз саптауы құртып жатады. Қуантарлығы, аталған сериалда Абай дәуірі мен Әуезов дәуірі шатастырылмаған, әр заманның тілі мен бояуы дәл берілген. Бұл – фильм сценаристерінің қажырлы еңбегінің жемісі.
Рөлдерге іріктелген актерлер де типаждарына сай, шынайы таңдалған. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің бейнесін сомдаған Сәкен Жақсылықұлының тек сыртқы келбеті ғана емес, көзқарасы, сөйлеу мәнері, жүрісі мен дауыс тембріне дейін кейіпкерінен аумайтындығы көрерменді тәнті етеді. Абайдың рөлін сомдаған Айдос Бектемір, Қайым Мұхамедхановты ойнаған Еркебұлан Дайыров, тергеуші рөліндегі Азат Сейітметов, хатшы қыз Ғалияны сомдаған Кәмшат Жолдыбаева және басқа да актерлердің пафосқа берілмей, шынайылықты сақтай отырып өз образдарына енуі көрерменнің сеніміне селкеу түсірмейді.
Сондай-ақ, телевизиялық форматтағы сериал болғанына қарамастан, метафоралар мен аллегорияларға ұтымды жүгініп, символдар мен детальдарды сәтті пайдаланған оператор жұмысы да көңілге қуаныш ұялатты. Мысал ретінде Сталиннің өлімі жайлы хабарламадан кейінгі камера көзінің мұздың еріп, көгілдір аспанда жадырап шыққан күн нұрына үңілуі сол кездегі жылымық кезеңінің метафорасы. Сондай-ақ, ұлы Абайдың өлімімен бірге қып-қызыл қанға бөленген аспандағы күннің бату сәті де сөзсіз сайрап тұр.
Абай бейнесін ашу жолында талай архивтерді ақтарып,тақырыпқа қатысты біраз әдебиет оқып көз майларын тамызып, тер төккендері көрініп тұр. Дегенмен, қанша тырысқанымен, фильмде көңілге кірбің ұялатар тұстар да кездеседі. Көздің жауын алатын аппақ көйлегімен жайлауда жүрген Абай, жаңа ғана тігілгендей жарқыраған шапандар, бір шаң жұқпаған киіз үйлер, түрілмеген асты мен қораланбаған жаны, шүйгін шөпті аңсаған мал жайылымдары секілді тұрмыстық олқылықтар жайлаудың тынысын терең сезінген көрерменнің көңіліне күмән ұялататыны анық.
Кино шеберлеріміз экран арқылы Абайдың өмір жолын таспаға басуға тырысты. Алайда, Абай сынды алып тұлғаның болмысын толыққанды ашу – әркімнің қолынан келе бермейтін күрделі іс. Абайды тек өмір жолын таспаға таңумен танып біту мүмкін емес. Кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов өмірінің соңғы кезеңінде берген сұхбатында: «Мен Абайды жылына бір рет қайта оқуды өзіме парыз санаймын. Әр оқыған сайын Абайдың жаңа қырлары ашыла түседі. Ол – таусылмайтын рухани теңіз сияқты. Жақында қайта оқығанымда Абай атамыздың кино тіліне өте жақын жазатынын байқадым. Оның әр өлең жолы – бір кадр іспетті: «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл». Ал мына жолдарды қараңыз:
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп...» – деп, Абайдың әр сөзінің нағыз кино тілімен байланысын атап өткен болатын. Расында да, Абайдың әрбір өлеңі жапондық хоккудың рухымен үндесіп жатады. Әр жолы - көз алдыңда тірілетін керемет бейне, ал әр шумағы - дербес бір көрініс, аяқталған бір сахна секілді.
Абай мұрасының кино тіліне жақындығын кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев та мойындады. Ол Абайдың пәлсапалық ойға толы "Күз" (2013 ж.) өлеңіне видеоэссе түсіріп, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің көрегендігін өнермен айшықтады. Шынында да, "Күз" - киноның табиғатымен біте қайнасқан, әр жолы тұнып тұрған көркем бейне. Бұл - видеоэссе Абай өлеңдерін жаттанды түрде қайталаудан қашқақтап, режиссердің шығарманың асқақ рухын экранға жандандыруға жасаған талпынысы, туындының терең тылсымын экран тілінде паш еткен өзгеше интерпретациясы.
Ендеше, ұлы Абайдың терең сырын ашу үшін оның өмірбаянын жай ғана тізу - тұңғиықтан бір уыс құм алғанмен пара-пар. Абайды шындап білгіміз келсе, ең алдымен оның ұлтының жадында мәңгі сақталған асыл мұрасына, жүрекке әсер етерлік төл туындыларына терең бойлауымыз керек. Себебі, Абайды тану - оның ішкі әлеміне сүңгіп, жан дүниесінің түкпіріндегі тебіреністері мен кемел ой-толғамдарын түсіну деген сөз. Ал, Абайды тану – қазақтың өзін тануға бастайтын жол.
Кинотанушы, киносыншы Дана Әмірбекова