Абайдың 180 жылдығы: елордада қандай іс-шаралар өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде ел аумағында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аталып өтіліп жатыр. Осы орайда елордада өтетін іс-шаралар туралы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабек айтып берді.
- Астана қаласында Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай 140-тан астам іс-шара жоспарланған, бүгінде олар өтіп жатыр. Атап айтқанда, 10 тамызда Абайдың туған күні елордадағы ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтеді. Одан кейін 8 тамыз бен 11 тамыз аралығында Абайдың туған жеріне арнайы экспедиция жіберілді. Оның құрамында абайтанушылар, тарихшы, әдебиетші ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері бар. Келесі іс-шара «Домбыра party» 10 тамыз күні «Керуен» сауда орталығының жанында кешкі сағат 19:00-де өтеді. Іс-шара барысында қонақтар қазақтың қара домбырасымен Абайдың әндері мен күйлерін тыңдап, ақынның жырлары мен даналық сөздеріне қанығатын болады. Кештің мақсаты – ұлы ойшылдың мұрасын дәріптеу, насихаттау, - деді Досжан Исабек орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ақын мерейтойына орай елорда тұрғындары мен қонақтарына ән шашу тартылады.
- Р. Бағланова атындағы №2 музыка мектебінің оқушылары қалалық жалпы білім беретін мектеп оқушыларымен бірлесіп мерекелік ән шашу ұйымдастырады. Іс-шара барысында 5 мыңнан астам бала бір сәтте Абайдың әнін орындайды. Келесі Sintez театры «Абай 45» деген атаумен қойылым ұсынғалы отыр. Бұл студенттерден жасақталған театр ұжымы. Одан бөлек концерттік-театрландырылған қойылымдар, концерттер мен куиз өтеді, - деп толықтырды спикер.
Биыл елімізде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы қалай аталып өтетіні туралы жазған едік.
Бүгін Семейде Абайдың 180 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр.