Абайдың 180 жылдығына орай Маңғыстау облысы Семейге Достық үйін салып бермек
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Маңғыстау облысы Семей қаласына Достық үйін салып беру үшін арнайы делегация жіберді.
Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталған болатын. Акция аясында елдің әр өңірі Абай облысына бір нысаннан тарту етеді.
- Бүгін облыс әкімі Берік Уәли өңірге Маңғыстау облысынан арнайы келген делегация мүшелерімен кездесті. Маңғыстау облысы әкімдігі акцияға қолдау білдіріп, Семей қаласына Достық үйін салып бермек, - деп хабарлады Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
Берік Уәли «Абайға құрмет» акциясын елдің барлық өңірі қызу қолдап жатқанын, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Жетісу, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Ақмола облыстары мен Шымкент, Алматы, Астана қалалары тиісті жұмыстарды бастап кеткенін айтты.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов мұнайлы өлке жұртының сәлемін жеткізді.
- Көршісі шаруа бастап жатса, қасынан құр өтіп кетпейтін қазақпыз ғой. Әр облыстың тарту жасауы өте дұрыс қабылданған шешім деп есептейміз. Өйткені бұл нысандар халықтың игілігіне жұмыс істейтін болады. Игі бастамаларыңызға сәттілік тілейміз, - деді ол.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысы әкімдігінде жиһаз сатып алу конкурсы тоқтатылғаны хабарланған.