Аударма жұмысымен Әзербайжанның көрнекті әдебиет өкілдері П. Хәлилов, М. Ибрахимов, К. Пашаева, Ф. Агаева, Е. Кулиев, Ф. Вәлиева айналысқан.
«Жинаққа Қазақстандағы Абай Құнанбаев мемориалдық кешені ұсынған архивтік материалдар, сондай-ақ Әзірбайжандағы музей материалдары енгізілді. Оған қоса, жинақта мақалалар түрінде публицистика ұсынылған. Жинаққа салынған суреттер де ұлы ойшыл өмір сүрген дәуір мен уақытты бейнелейді», - деді ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.
Кітаптың тұсаукесеріне қоғам және саясат қайраткерлері, оның ішінде Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гүлнай Эфендиева, Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы келді.
«Бүгінгі жинақ арқылы Абай шығармалары әзербайжан, сол арқылы түрік, түрікмен секілді оғыз тілі тобына тарап, дүниенің біраз бөлігінде Абайды жаңаша танудың мүмкіндігі туды. Жалпы Абайдың әрбір мерейтойы кезінде әзербайжан достарымыз Абайтануға көп еңбек сіңірген. Абайдың дүниеден озғанына 50 жыл толғанда, 1954 жылдан бастап олар Абайды тұрақты түрде насихаттап келе жатыр. Әсіресе 175 жылдық мерейтойға байланысты Абайдың бұрын аударылмаған шығармаларын аударды. Абай шығармалары қай заманда да жасай береді. Сондықтан, Абайдың түркі дүниесіне, оның ішінде әзербайжан халқына әсері аз болмайды деп ойлаймын», - деді Дихан Қамзабекұлы.
Қонақтар бұл жинақтың Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын тағы бір кезең екенін атап өтті.
«Абай Құнанбаев Қазақстанда және бүкіл әлемде классик, ақын, ойшыл, композитор ретінде танымал. Қазақ халқына сіңірген зор еңбегінің бірі – Ыбырай Алтынсаринмен қатар қазіргі әдеби қазақ тілінің негізін қалағаны. Ол іс жүзінде қазақ және орыс әдебиеті, қазақ ақын поэзиясы мен Шығыстың классикалық поэзиясы арасында мәдени көпір құра алды. Абай – қазақ тілінде классикалық шығармаларды жаза бастаған алғашқы адам, ол қазақ зиялыларыны буынына әсер етті. Абай Құнанбаевтың шығармалары мен идеяларында тәрбиеленген дәл осы зиялы қауым отаршылдыққа қарсы қозғалыстарды басқарды», – деді Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев.