Абайдың мерейтойы Джей Ло концертінің көлеңкесінде қалып қоймады ма

Фото: @1917__team

АСТАНА. KAZINFORM – 1-10 тамыз аралығында ел аумағында ұлы ақын Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай онкүндік өтіп жатыр. Сонымен қатар елімізде алғаш әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопес концерт беріп жатыр.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Абайдың 180 жылдық мерейтойы Дженнифер Лопестің концертімен тұспа-тұс келді. Мерейтой Джей Лоның концертінің көлеңкесінде қалып қойған жоқ па?», деген сауал қойылды. 

- Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы - ауқымды іс-шара. Жыл басынан бері 5 мыңнан астам әртүрлі деңгейдегі іс-шара өтіп жатыр, жыл аяғына дейін жалғасады. Сондықтан Ұлы Абайдың мерейтойы Дженнифер Лопес концертінің көлеңкесінде қалып қоймайды дегенге толығымен жауап беремін, қалмайды. Өйткені, ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр, сондықтан да көлеңкеде қалмайды, - деп жауап берді Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов. 

Айта кетейік, Абай Quiz зияткерлік ойыны еліміздің рекордтар кітабына енуі мүмкін.

Еске салайық, 1 тамызда америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес Астанада концерт берді.

Ал 10 тамызда Алматының Орталық стадионында әлемдік әншінің кезекті концерті өтеді.