Абайдың шәкірті атанған Алтайдың арғы бетіндегі қазақ қаламгері
АСТАНА. KAZINFORM – Қиырда жүріп, тарғалаң тағдыр кешсе де қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қазақтың тұлғалары қаншама! Солардың бірі - Абайдың Алтайдың арғы бетіндегі шәкірті атанған, 21 жылын Қытайдың тас түрмелерінде қуғын-сүргінмен өткізген қазақтың қарымды қаламгері Мағаз Разданұлы.
Халқына дара шығармашылық болмысымен өлшеусіз еңбек еткен қаламгердің тарихи тұлғасы мен өмір жолын баян етіп көрелік.
Айта кетейік, 11 сәуір күні Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханада қаламгердің туғанына 100 жыл толуына орай оның «Үш томдық таңдамалы шығармаларының» таныстырылымы өтті. Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері Мағаз Разданұлының шығармашылығы туралы ой өрбітіп, өмірі туралы тың деректермен бөлісті.
Мағаз Разданұлы – қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосқан ірі тұлғалардың бірі. Сонау 1930-жылдардан бастап Абай, Шәкәрім сынды ұлы даналардың шығармаларынан сусындай жүріп, әдебиет әлеміне қадам тастайды. Ол Шыңжаңдағы қазақ жазба әдебиетінің шаңырағын көтерісіп, оның үлкен ордаға айналуы үшін тынбай тер төгіп, өзінің саналы ғұмырын қазақ руханиятына арнаған қаламгер.
Мағаз Разданұлы, әдебиеттің үш жанрында қалам тербеді. Атап айтар болсақ, поэзия, проза және драматургияны қатар алып жүрді. Қытайдағы қазақ әдебиетінің өскін, балаң кезінде қолына қалам алып, өнімді еңбектенді. Ең өкініштісі, қаламгердің жасындай жарқырап, көсіле жазар тұсында жала жабылып, қуғын-сүргінге ұшырап, өмірінің қиын кезеңдерін өткізді.
Жазушының тарғалай тағдыры
М.Разданұлы – 1924 жылы 22 сәуірде Қытайдың Алтай аймағы Буыршын ауданы Дулайты ауылында дүниеге келді. 1935-1938 жылдары ауылдағы жаңаша мектепте, 1938-1946 жылдары Сарсүмбе «мұғалімдер жетілдіру» мектебінде білім алды. 1940-1944 жылға дейін Дулайтының «Жеміс» мектебінде мұғалім болды.
1947-1957 жылдары «Ерікті Алтай» газетінде, 1957-1958 жылдары Қытай жазушылар қоғамы Шыңжаң бөлімшесінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. «Ерікті Алтай» газетінде қызмет ете жүріп, тырнақалды шығармаларын жариялады. Әдебиеттің қыр-сырына қанығып, сөз өнеріне тағдырын теліді. Дәл осы аралықта Шыңжаңда саяси жағдай шиеленісе түсті. Бұрынғы Шыңшысай үкіметі күйреп, оның орнына уақытша «Шығыс Түркістан» үкіметі құрылады. Мұның ақыры Қытай коммунистік жүйесінің Шыңжаңда біржола орнығуымен тынады. 1958 жылы тұтас Қытайды шарпыған «Мәдени революция» басталады. Елдің сорпа бетіне шығарларына «ұлтшыл», «оңшыл» деген саяси айып тағылады. Терістен соққан қар дауыл Мағаз Разданұлын да іле кетеді. Әуелі оған «жергілікті ұлтшыл» деген айып тағады. Осылайша, Мағаз өмірінің ең бір азапты ауыр жылдары басталды.
1970 жылдары «Мәдени революцияның» қара дауылы тіпті де үдей түсті. Сол жылы Мағаз Разданұлы ісін қайта қарап, 20 жылға соттады. Бұл қиын тағдырын ол қасқая қарсы алып:
Ер жасып мұңая ма ажырғыға,
Немене ауыр бейнет сабырлыға.
Жеті мың үш жүз түннің баста ұйқысын,
Жайлап сал төсегіңді абыржыма, - деген өлең жолдарын шығарады. Бұл өлең кейіннен ел арасына кең таралып, жұрттың жүрегінен терең орын алған еді.
Мағаздың әрбір өлеңінің жазылуында осындай үлкен тарихи астар, мағыналы сыр бар. Ақын бір бөлім өлеңдерінде әділетсіздіктің жүрегіне салған жарасын өлеңге айналдырып, рухани жақтан өзіне үнемі шабыт, дем беріп отырса, енді бір топ өлеңдерінде ақ пен қараны айырмай адамшылықтан шыққандарға жыр-найзаның ұшын қадайды. «Ұясын ұжданыңның біреу шақса» (1967 ж.) атты өлеңі де, міне, осындай көңіл күйінішінен туған.
Ұясын ұжданыңның біреу шақса
Жанарың лайланып толса жасқа
У жұтқан сынық қанат қуғын құсы
Білер ме қонақтарын қай ағашқа
Бірдей от екі басы тұтсам күйем
Айтшы өзің осы абзал деп қайсын сүйем
Ел таппай алақтаған жолаушыдай
Бейуақтың сар жұртында қалдым иен...
Осы өлең жолдарының өзінде сол қатал заманның бейнесін, тарих көшінің елес-суретін көз алдымызға кино экранындай тартып отыр.
Белгілі PhD докторы, филолог Талдаубек Қадылұлы Мағаз Разданұлы туралы еңбегінде Тар есік, тас босағада туған бұл жырлар – жазушы шығармашылығының маңызды бір белесі екенін айтады.
- Ойранды жылдар жүректің қанымен жазылған оттай қарып түсірер шындығы мол жырлар ауыздан шыға сала-ақ, айналасына тарап, естіген жанның көкірегіне ұялап, қатталып қалды. Әділетсіздік пен жауыздыққа қарсы атылған жыр жебелер тарих жотасында мәңгі өлмес мұраға айналды. Батырдың кекке суарылған қанжарындай өткір жырлары Мағаз Разданұлы поэзиясының тағы бір тың сипат, соны стиль қалыптастырғанын түсіндіреді. Сонымен қабат, соншама жауыздықтардың алдында бас имей, соншама жылдарда арына сызат түсірмей өткен ақынның жырларынан біз қайсарлық пен өрліктің, кісілік пен ерлік рухтың биік үлгісін, өнердің еш уақытта аласармас даңқты келбетін көреміз, - дейді ол.
Мағаз Разданұлы 1979 жылы сәуірде ақталып шығады. Оған себеп – Қытай коммунистік партиясының XI құрылтайының III съезінде қабылданған жарғы. Яғни Қытай коммунистік партиясы «Мәдени революциясы» терістеп, жазықсыз сотталғандарды ақтауды ұйғарды. Осы санатта Мағаз Разданұлы да 21 жылға созылған қуғын- сүргін, түрме азабынан босап шығады. Ол өмірінің ең бір мәнді кезін, жастық шағын, ізденіске, еңбекке жұмсалуы тиіс жігер күшін, денсаулығын жаза лагерьлерінде, тас түрменің сыз қабырғаларында қалдырды. Қатал тағдыр ерді қанша езгісе салсада, ақынның жүректегі жалынын сөндіре алмады. Көкірегіндегі өшпес үміті бостандыққа жеткізді. Ақын сондағы көңіл ауанын «Сәлем саған Алтайым» дейтін өлеңінде былай жеткізеді:
Сәлем саған Алтайым,
Тентегің сонша сағынды.
Жоғалып кеткен бір тайың,
Тарландап барып табылды.
Мағаз Разданұлы азапты жылдар бұғауынан босағаннан кейін, өмірінің соңғы аз жылында болашаққа өлмес өрнек, өміршең мұра қалдырып үлгерді. Аз уақыттың ішінде «Асулар толғауы», «Ертең», «Уақытқа жауап», «Босаға» секілді жыр жинақтары «Сары бел» өлең романы жарық көрді. Сондай-ақ «Ата заман сөйлейді» әңгіме, повестер жинағы, «Алтайдың ақиықтары» тарихи романын жариялады. Мұнан сырт, Мағаз қаламынан туып әлі жарық көріп үлгермеген көптеген өлеңдерінен сырт, сегіз әңгімесі (екеуі аяқталмай қалған), бірқыдыру мақалалары бар. Архивінде сақталып келе жатқан бұл дүниелері баспа бетінде әлі жарық көрмегендіктен, аталып зерттелмей келеді.
Қаламгердің отыздай өлеңі, бірнеше әңгімесі мен повестері қытай тіліне аударылған. Қытайдағы азшылық ұлттарға берілетін Мемлекеттік сыйлықты еншіледі. Сонымен қатар жеті шығармасы өлкелік және мемлекеттік жүлделерді қанжығасына байлаған. Бұлардан сырт, ол аймақтық, облыстық, өлкелік әдебиет-көркемөнершілер қоғамы жағынан бірнеше рет «Әйгілі ақын-жазушы», «Қарт майталман» қатарлы даңқ сыйлықтарының иегері болған. Мағаз Разданұлы 1998 жылдың 2 мамыр күні 74 жасында қайтыс болды.
Абайдың арғы беттегі шәкірті
Мағаз Разданұлы Абай мектебінен тәлім алған. Абай шығармашылығынан қанып ішіп, ақ уызынан нәр алған қарымды қаламгер.
Оның балалық дәуірі Абай өлеңдерінің күллі қазақ баласына кең тараған тұсына тура келеді. Мағаздың өзіне сөз берсек:
Абайды мен жасымнан өстім тыңдап,
Деген ол екі нәрсе сыр мен сымбат.
Сыр – іші, Сымбат – сырты, сол себепті,
Жақсының өзі – тұлға, сөзі – қымбат!..
Көп көрдім мен алысты жақынды да,
Залымды, жауызды да, батырды да.
Қайнаған мыс қазандай бұл дүние,
Ақыры тоқтайды екен ақылдыға... - деп жырлаған екен.
1909 жылы Кәкітай Ысқақұлы жағынан Петрбургта басылған Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы 1920 жылдардың алды-артында Шыңжаңға, соның ішінде Алтайға тарала бастайды. Ол кезде көбінде кітап түрінде емес, сол кітаптың көшірмесін жасап тарату үрдісі бар еді.
Мағаздың әкесі Раздан көзі ашық, көкірегі ояу жан болған. Мағазға жастайынан араб әліппесін танытып қана қалмастан, сол тұстағы ескі шағатай, татар жазуларындағы көптеген әдебиеттермен де сусындата білді. Қазіргі Шығыс Қазақстанның Зайсан өңірімен болған түрлі сауда-саттық және басқа да байланыстар арқылы Қазақстан жағының рухани жетістіктерінің Алтайдың күн бетіне таралуына игі ықпал етті. Өз кезінде Көкшетау өңірінен Алтайға қашып барып, сонда Мәми бейсі ауылында ұлағатты ұстаздықпен айналысқан Сейітқазы Нұртаев және 1931 жылы Абай ауылынан қашып барған Зият Шәкерімұлы, т.б. адамдармен жақын байланыста болып, өнегелі тәрбиелер қабылдады. Татар зиялысы Біләл Хазіретті ауылына әкеліп, басына үй көтеріп беріп, балаларын арнайы оқытты.
Көрегенді әкенің осындай тәрбиесі Мағаз бойына мол білім болып дарыды. Әсіресе әдебиеттегі ұстаз боларлық тұлғаларға қолы жетіп, Абаймен еркін сусындауына мүмкіндік туды. Абайдың аталған жинағын өз қолтаңбасымен көшіріп алып жаттады.
– Өнегелі өмірдің айнасы – Абай. Сол биікке ұмтылған Мағаз еш уақытта, қандай жағдайда болмасын жығылғысы, құлағысы келмеді. Ұстазының үні құлағының түбінде жаңғырып, өзін ылғи да алға жетелеп отырды. Оны жетелеген Абай рухы еш алдамады. Халқының қалаулы қаламгеріне, аяулы перзентіне айналды. Мағаздың замандас атасы Ақыт Үлімжіұлы мен ағасы Асқар Татанайұлы да Абайдай ұлы ақынның өнегесінен қағыс қалған жоқ. Мағаз өмірі мен оның әдебиеттегі еңбегі – Абай рухының алыстағы ағайынның өсіп-өркендеуіне, құрып жоғалмауына, әдеби қуатына қандай рухани күш сыйлағандығының бір ғана мысалы. Асыл дәстүрге айналған осы арқау қазірге дейін өз құнын жойған жоқ. Абай жаққан шырақ әр көкірекке әлі де болса сөнбес сәулесін шашып келеді. Шаша береді де, - дейді жазушы Жәди Шәкенұлы.
Шетелдегі қазақ әдебиетінің ірі өкілі
Бүгінгі таңда Мағаз Разданұлының шығармашылығы Түркі жұртына да кеңінен таныс көрінеді. Түркиялық әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Ашур Өздемир Астанада өткен жазушының «Үш томдық таңдамалы шығармаларының» таныстырылымына арнайы келіпті. Ол Шыңжаңдағы жазушылардың көп әңгімелерін түрік тіліне аударғанын айтады.
Айта кету керек, Ашур Өздемир - қазақ әдебиетін түрік жұртына насихаттауда үлкен еңбек етіп жүрген ғалым.
– Мен қазақ әдебиеті мәдениетін зеттеушімін. Бүгінгі таңда Шынжаңдағы қазақ жазушыларының шығармаларын аударып жатырмын. Бүгінге дейін 20- дан астам әңгіме аудардым. Мағаз Разданұлының «Кебенек кигеннің тойы» деген әңгімесін аудардым. Маған ерекше әсер етті. Шынымды айтсам, Алтай бетіндегі қазақ жазушылардың тілі өте күрделі. Қолданылған кейбір сөздерді сөздіктерден іздеп таппайсыз, өте көне сөздер қолданады. Мен қазақ тілін жақсы білемін, Абайдың қара сөздерін де аударғанмын. Бірақ Алтайдағы қазақтардың тіл-жазуы осындай күрделі екенін ойламаппын. Түрік тілінде «Шынжаңдағы қазақ жазушыларының әңгімелері» деген кітап шығаруды жоспалап жүрмін. Бұл шығармаларды Түркі оқырмандары қызығып оқиды. Өйткені Қазақ елі, Алтай жері біздің ата жұртымыз. Ондағы әрбір рухани құндылық біз үшін қымбат. Сол жердегі оқиғалар, мәдениет, салт-дәстүр біз үшін қызық, - дейді Ашур Өздемир.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы шетелдегі қазақ жазушыларының ірі еңбектерін ата жұртқа әкеліп, жалпы қазақ әдебиетін асыл арнасына қосу өзекті мәселе екенін айтады.
– Біз шетелдегі қазақ әдебиетін бөліп-жармай, жалпы қазақ әдебиетінің тағдыры ретінде қарауымыз керек. Сырттағы көрнекті қаламгердің еңбегін ата жұртта нәсихаттау әлі де болса кемшін. Мағаз сол ірі тұлғалардың бірі. Қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезов зерттеген «билер айтысы» деген дүние бар. Осы билер айтысының көрінсі Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары» шығармасында суреттеледі. Қазақтың тағдырын екі ауыз сөзбен шешу, ұлт тағдыры жолында толғанған билердің кемеңгерлігі ерекше бейнеленген. Біз ұлт үшін күйінген, өлгенін тірілткен Мағаз Разданұлы секілді қуғында жүрсе де, жандарның сірілігмен ұлтқа азаматтық парызын адал атқарған қаламгерлердің еңбектерін ата жұртқа жеткізіп, насихаттау өзекті мәселе. Өйткені ұлттық идеология тұтас қазақтың тағдыры, - дейді Дәулеткерей Кәпұлы