Абайды 40 жасымнан кейін ғана түсіне бастадым - С. Балғабаев

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін, 10 тамыз - ұлы ақынымыз, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толды. Осы орайда, «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында белгілі жазушы, драматург, публицист Сұлтанәлі Балғабаев бүгінгі таңда әсіресе Абайдың саяси-әлеуметтік лирикасына, философиясына терең мән беру керектігін жеткізді.

- Сұлтанәлі аға, ұлы ақынымыз Абай сіз үшін қандай тұлға?

- Абай мен үшін жұмбақ адам. Абай туралы кезінде Мұхтар Әуезов роман-эпопея жазды. Ол туралы Тәкен Әлімқұлов та жақсы жазды. Мен кезінде Абайды өте көп оқыдым. Жаттап өстім. Бірақ, тек 40 жасымнан асқан соң ғана барып шын түсіне бастадым. Неге дейсіз ғой? Абайдың кейіпкерлері арқылы. Қарап отырсам, кезінде Абай жаны шырқырап, күйініп отырып, өлтіре сынап кеткен жағымсыз қасиеттерден біз әлі де арыла алмаппыз. Қазір де кейбір бауырларымыздың бойынан сондай қасиеттерді көріп, Абайдың данышпандығына, ұлылығына көзім жетті. Мен оларды күн сайын көремін. Әрине қазіргі қазақтарды Абайдың заманындағы қазақтармен салыстыруға болмас. Бірақ, киер киімі, ішер асы, тұратын үйі, мінетін көлігі өзгергенімен, ұғымы, түсінігі айтарлықтай өзгере қоймаған. Бүгінгі жемқорлық, ақшақұмарлық, арақ, атаққұмарлық деген секілді жағымсыз, болашағымызға қауіпті төндіретін әдеттерді атап өтуге болады. Ұлы Абай - өз халқын шексіз сүйе отырып, оның кемшілік жақтарын, жойсын деп, оларды аяусыз сынай білген, соларды астарлап дәл жеткізе білген, халқына жаңа жол сілтеген данышпан ақын.

- Бүгінгі заманда біз Абайды толығымен түсіне алдық па?

- Жұртшылық Абайды толығымен түсіне алды деп айта алмаймын. Бұл түсінікті де. Кез-келген қазақ өзінің кім екенін, халқының кім екенін білу үшін бірінші Абайды терең оқып білуі керек. Абайды тану - өзіңді тану. Бірақ тек оқу, тек жаттаудан түк шықпайды. Абайдың әрбір сөзі астарлы, терең мағыналы, мәнді. Ол сонысымен мәңгілік. Абай туралы талай еңбектер жазылды, пьесалар жазылды. Әлі де жазыла береді. Бірақ қарапайым қазақты былай қойғанда, Абай туралы бүгінде қалам тербеп жүргендердің өзі Абайдың тізіп беріп кеткен кемшіліктерін, өз бойларынан іздемейтіні жаныма батады. Сырттан іздейді. Басқалардан іздейді. Ал өзін басқалардан артық санауға тырысады. Бұл үлкен трагедия. Абайды шын оқыған, шын ұғынған адам ешқашан да мақтаншақ болмайды. Ол өзінің адал еңбегіне, біліміне арқа сүйеген, Аллаға сыйынған қарапайым адам болады. Сондықтан, Абайға арналған әрбір мерейтой, шара даңғазаға айналмаса екен деп тілеймін. Абайды еске алатын күн әрбір қазақ үшін өзіне-өзі есеп беретін, өзін танып білетін күн болуы тиіс. Әрбір қазақ Абайды оқығанда: «Абай сынаған кемшіліктер менің бойымда бар ма? Мен солардан арыла алдым ба? Тазардым ба? Осы мен кіммін?, - деген сұрақтарға жауап беруі тиіс. Сонда ғана алға ілгерілеушілік болады. Қазір идеологияға көп көңіл бөлініп жатыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы таяуда Мәдениет және спорт министрін қабылдаған кезде жастарға патриоттық рухта тәрбие беру керектігін баса айтты. Осы орайда, сол ұлттық идеологияға Абайдың өсиеттерін енгізер болсақ, тек ұтамыз. Абайдың жолымен жүрсек, еш уақытта адаспаймыз.

- Сұлтанәлі аға, Абай қазақ поэзиясына, прозасына, философиясына нендей жаңалық алып келді?

- Абайға дейін де қазақ халқының ұлы ақындары болған. Қазақта күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан ақындық жол, дәстүр бар. Абай сонау Шалкиіз, Доспамбет, Махамбет сынды ақындардың жолын жалғастырушы. Бірақ, Абайдың олардан ерекшелігі - оның асқан оқымыстылығында, білімқұмарлығында! Абай төрткүл дүниені танып, шығыс пен батыстың ақындарын оқып, орыс тілін үйреніп, халықтардың мәдениетін бір-бірімен салыстырып, зерттеп, саралай білген көреген ақын.

- Абай шет елдерде жүрген қандастарымыздың арасында қаншалықты дәрежеде танылды?

- Абай - барлық қазаққа ортақ тұлға. Абай шетте жүрген қандастарымыздың арасында жеткілікті дәрежеде танылған. Әсіресе, Қытайда өте жоғары дәрежеде насихатталып келеді. Мысалы, Бейжіңде «Абай жолы» қытай тіліне аударылып қана қоймай, тіпті аудио альбомы да жасалды. Сонымен қатар, басқа елдерде, солардың ішінде Ресейде, Түркияда, Өзбекстанда ескерткіштері қойылды. Абай жеткілікті дәрежеде насихатталып келеді.

- Сіздің шығармаларыңызға Абайдың әсері қаншалықты жоғары болды?

- Мен кезінде Абайдың философиясы негізінде «Қазақша күрес» деген пьеса жаздым. Абайдың әсері болар, публицистикаға көп көңіл бөлдім. Талай мақалам жарық көрді. Қазір үш том болады. Егер өмірімді қайта бастар болсам, мен тек Абайдың жолымен жүрер едім. Жаңа айтып кеттім ғой, Абайды 40 жасымнан кейін ғана түсіне бастадым. Ал оған дейін қарап отырсам, талай кемшіліктерге, қателіктерге бой алдырыппын. Талай уақытым босқа кетіпті. Соларды қайталамас едім. Қазір мен Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында Кино және теледрамматургия саласы бойынша дәріс беремін. Бұл менің ең жақсы көретін жұмысым. Сонда шәкірттеріме: «Мен жасаған қателіктерді, кемшіліктерді қайталамаңдар», - деп үнемі айтып жүремін. Сонымен қатар, бұған дейін жазған дүниелерімді тағы да сын көзбен қайта қарап, реттеп жатырмын. Талаптарыма жауап бермегендерін алып тастаймын. Болашақ ұрпаққа шын керек болар деген үмітпен ең керектілерін ғана іріктеп жатқан жайым бар.

- Әңгімеңізге рахмет.