«Абайды қазақтан кейін ең көп оқыған - қырғыз» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 22 тамыз.  ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 22 тамыз,  сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

                                                                                      ***

«Кеше ғана талай алмағайып күндерді бастан кешкен қырғыз ағайындардың астанасы - Бішкек шаһары бұл күндері шаттыққа толы жақсы оқиғаларды өткеруде. Айыр қалпақты ағайындардың бас қаласында өтіп жатқан Қазақстанның мәдени күндерін бөле-жарып айтудың да өзіндік жөні бар. Өйткені, Ош оқиғасынан кейін мұнда аяқ басқан «көрші» жоқ. Оның үстіне соңғы екі жылдың аясында ТМД елдері көшбасшыларының арасынан алғашқы болып қырғыз бауырлардың ауылына Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келмек», - деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. Газеттің  жазуынша, дәл қазіргі уа­қыт­та түркітілдес мемлекеттер ауыз­бір­шілікке аса мұқтаж. Әлемде осы ха­лық­тардың ішінде қазақ пен қыр­ғыздан асқан туысқан ел болып көр­ген жоқ. «Қазақ Манасты қалай құр­меттесе, қырғыз да Абайды солай қастерлейді. Қазақ Шыңғыс Айтматовты өз ұлындай сүйсе, қырғыз да Мұхтар Әуезовті соншалықты дә­ріп­тейді. Қазақтан кейін Абайды көп оқып өскен ел - қырғыз! - деді Қырғыз елінің вице-министрі»,-делінген басылымның бүгінгі санында «Абайды қазақтан кейін ең көп оқыған - қырғыз» атты мақаласында.

Ақтау қалалық сотында В.Козлов, А.Әминов және С.Сапарғалиға қатысты қылмыстық іс бойынша сот ісін қарау жүріп жатыр. Сотталушылар 2011 жылдың желтоқсанында Жаңа­өзен қаласында тәртіпсіздіктерге алып келген әлеу­мет­тік өшпенділік пен алауыздық отын жақты деп айыпталуда.Сот ашық режімде өтіп жатыр, сот мәжілісіне сот­талу­шылардың туысқандары, БАҚ өкілдері мен бай­қау­шылар, оның ішінде, халықаралық байқаушылар қа­­тысуда. Сот мәжілісі басталғалы бері 10 куәгер сұралды. Куә­­герлер ретінде «Өзенмұнайгаз» ӨБ-нің бұрынғы ди­ректоры К.Ешманов, Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау вице-министрі Б.Нұрымбетов, облыс әкімі­нің бұрынғы бірінші орынбасары А.Айтқұлов, сондай-ақ «Қаражанбасмұнай» АҚ кәсіподағының бұрынғы заң­гері Н.Соколова және басқалар сөз сөйледі. Бұл жайында  «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы ақпарат   «Ішінара кінәларын мойындады» атты тақырыппен жарық көрді.

                                                  ***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Жаһандық қозғалыстың белді өкілдері Астанаға келмек» атты мақала басты. «Алдағы аптаның басында ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың беделді өкілдері әлемнің әр шетінен Астанаға ағылмақ. 27-29 тамыз аралығында қазақ елінің бас қаласында «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конференция өтеді. Оған Қазақстан Көшбасшысы қатысып, әлемдік қоғамдастыққа үндеумен және ұсыныстармен қайырылады...» деп жазады басылым.

                                                       ***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, қазақ елі соңғы 10 жылда алып құрылыс алаңына айналғаны рас. Алайда осынша қарқында дамып жатқан саланың кем-кетік тұстары да жоқ емес. Отандық құрылыс материалдарын шығаруда және оны саудалауда кездесетін проблемалар жайында газет тілшісі Бақытгүл Бабаш жан-жақты сараптау жасай келе ойын былай түйіндепті:  «Құрылыс индустриясының өркендеуіне қажетті материалдар шығаратын өндіріс орындары, оны тұтынатын мердігер мекемелер, жеке тұрғын үй салатын азаматтар тең дәрежеде үлес қосса ғана бүгінгі қарқыннан құлдырамасымыз анық. Бұл өз кезегінде әлеуметтің әлеуетін арттырып, шаһардың да шырайын келтірер еді...». Бұл мақала газеттің бүгінгі санында «Құрылыс құрдымға кетпесін десек...» атты тақырыппен жарық көрді.

«Лондон Олимпиадасынан кейін әр облыс өз батырларын құрметпен күтіп алып, мәре-сәре болып жатыр. Көптеген облыс орталығында қуанышқа толы шеру ұйымдастырылып, көше-көшеде мерекелік көрініс тапты.. Дегенмен облыстардың жетістігін саралай қалсаңыз, Оңтүстік Қазақстанның жерге қарайтыны өзекті өртейтін өкініш болып тұр. Халқы тығыз орналасқан оңтүстіктен Олимп шыңынан дәмелі 13 спортшы аттанған болатын. Біреуі де жүлдеге іліге алмады»,- деп жазады басылым. Оңтүстік Қазақстандық спортшылардың бұл жолғы Олимпиададан олжасыз оралуының сыры неде? Осы сұрақтың жауабын білу мақсатында газет тілшісі арнайы журналистік зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Бұл мақала  «Лондон Олимпиадасында оңтүстік неге олжасыз қалды?» деген тақырыппен берілді.   

                                                       ***

Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасы мен Вьетнам Социалистік РеспубликасындаТөтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы Нұрлан Ермекбаев Ханойда Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шангуға сенім грамотасын тапсырды. Салтанатты рәсімнен кейінгі әңгіме барысында аталған елдің басшысы Қазақстанның өңірдегі беделі мен толағай табыстары артып отырғандыған атап өтті. Сонымен қатар Чыонг Тан Шангтің Қазақстанға алдағы сапары жөніндегі мәселелер сөз болды. Бұл материал «Казахстанская правда» газетінде «Президент Вьетнама приедет в Казахстан» атты тақырыппен басылды.