«Абайды «жер аударған» қандай әкім?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 20 мамыр, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Малайзияның Сыртқы істер министрі Дато Шри Анифа Аманды қабылдады. Әңгімелесу барасында екіжақты ынтымақтастық мәселесі талқыланды. «Менің Қазақстан Президентімен және Үкіметімен бұдан әрі жұмыс істеп, тәжірибе алмасып, прогресс пен табысты ортақтасып, ортақ мақсаттарға қол жеткізгім келеді. Мен Қазақстан ИКҰ-ның төрағасы ретінде дана көшбасшылығын танытатынына сенемін. Өткен жылы ЕҚЫҰ-ға төраға болғанындай, ИКҰ-ның төрағасы ретінде де Қазақстанда Батыс пен Шығыс арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуда үлкен мүмкіндіктер бар», - деді журналистерге арналған брифингте Д.Аман.

Еліміз жиырма жылдық тәуелсіздік тарихындағы тағы бір асуды алғалы отыр. Ол асу - Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуі. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газетінде ҚР СІМ Ержан Қазыхановпен арадағы сұхбат жарияланды. Сұхбат барысында осы төрағалық қалай жүзеге асырылмақ, Төрағалық барысында Қазақстан қандай ұстанымдарды басшылыққа алмақ, дүние дидарындағы мұсылман мемлекеттерінің басын қосатын ұйымға жетекішілік жасаудың ерекшеліктері неде деген сынды сауалдарға тұщымды жауап берілген. Жауапты қызметке кіріскелі бері баспасөзде алғаш рет сұхбат берген миинстрдің жауаптарына қаныққыңыз келсе, «ЕҚЫҰ-дағы тәжірибе ИКҰ-да көмектеседі» деген тақырыпқа назар салыңыз.

***

Қарағандының іргесіндегі Абай атамыздың есімін 50 жыл бұрын алған шағын қалашық биыл жартығасырлық тойын тойламақшы. Данышпан ақын есімін иеленген кент осы тойға сай жаңарып, жасару жолында болса керекті. Жаңалықтың көкесі қала төріндегі ақын ескерткішін тағынан тайдырудан басталған тәрізді. Дәл осы мәселені көтерген «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөмірінде «Абайды «жер аударған» қандай әкім?» деген тақырыппен мақала жариялады. «Орнатылғанына кемі 40 жыл болған ұлы Абайдың қаладағы жалғыз ескерткішін ел аман, жұрт тынышта орнанан алып тастап, елеусіз бір жаққа «жер аударып» жіберу аудан әкімі Еркебұлан Нашаровқа не үшін керек болды екен?», - деп жазады басылым.

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында филология ғылымының докторы, профессор Құсайын Рысалдымен арадағы сұхбат «Қазақ тілінің мәселесі ушығып тұрған мезетте қабылданбаған заң енді қашан қабылданбақшы?» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ғалым: «Мемлекеттік тіліміз - қазақ тілі. Тіл - қазақтың рухы. Тілдің дәрежесін көтере алмай отырғанымыз, ұлттық рухты көтере алмай отырғанымыз деп түсіну керек. Ол үшін елімізді ұлттық мемлекет ретінде қалыптастыруымыз керек. Сонда ғана толықтай ұлттық мүддеміз үшін жұмыс істейтін боламыз», - дейді.

***

Бүгін Еуропалық қайта құру және даму банкінің жыл сайынғы жоғары деңгейдегі жиналысы мен Іскерлік форумы Астанада ашылады. Осыған орай «Айқын» газетінде «Қазақстан әлемді асырауға дайын ба?» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Басылымның атап өтуінше, осыған орай Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми делегациялармен кездесіп, ЕҚДБ басқарушылары кеңесінің отырысын ашады деп күтілуде. Бір айта кетерлігі, ЕҚДБ басқарушылары кеңесінің жиналысы аясында кеше Тәуелсіздік сарайында өткен қазақстандық Инвестициялық форумның ашылу салтанатында ЕҚДБ президенті Т.Мироу мырза қазақ елін енді әлемдік азық-түлік қорына айналдыру туралы идея айтқан.

«Айқын» газетінің жазуынша, «Болашақ» республикалық қозғалысының өкілдері Қазақстан заңымен ұзақ мерзімге сотталған Рахат Әлиевті елге қайтарып, әділетті сот өткізуді талап етіп, «Біз әділдікті қалаймыз!» деген тақырыпта бірқатар шара өткізді. Алдымен, Алматыдағы Еуроодақ өкілдігінің алдында шағын митинг ұйымдастырған жастар кеше Ұлттық баспасөз клубында мәжіліс ұйымдастырды. Қозғалыс лидері Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, 2007 жылдың ақпан айынан бастап із-түссіз жоғалған «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің мәйіттері 13 мамыр күні табылды. Енді Австрия Рахат Әлиевті дереу экстрадициялауға міндетті. Бұл жайында басылымның бүгінгі нөміріндегі «Елге қайтаруды талап етеді» деген мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

***

«Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Даму бағдарламасының директоры Хелен Кларкті қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту және дамыту мәселесін талқылады. «Қазақстан қазіргі уақытта өз дамуында аз прогресс көрсетіп отырған елдермен өз тәжірибесі мен білімін бөлісіп, ондай елдерге қолдау көрсетіп келеді. Біз, БҰҰ-ның даму жөніндегі жетекші агенттігі ретінде әлемнің көптеген елдерімен жұмыс істейміз және осы бағытта Қазақстанмен өзара қарым-қатынастарға үлкен мән береміз», - деді журналистерге арналған брифинг барысында Х.Кларк.