Абайдың балалық шағын бейнелейтін мультфильм түсірілуде

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Қазақтың барында Абай есімі ешқашан өшпейді. Ұлы ғұлама туралы бүгінге дейін көптеген кітаптар жарық көрді,

 фильмдер түсірілді, ғылыми еңбектер жазылды. Енді алдағы уақытта Абай атамызды мультфильмнен көретін боламыз.

 Қытайдың Үрімші қаласындағы қандастар Абайдың балалық шағын бейнелейтін 3D форматындағы көпсериалды мультфильм түсіріп жатыр. Мұндағы мақсат - бала Абайды жас жеткіншектерге үлгі етіп, даналығын бойларына сіңіру. Мультфильмнің мазмұны да, аты да - «Абайдың балалық шағы». Түсірілімі жуырда басталады.

 Мультфильм тек қазаққа арналмаған. Дана атамызды барша ұлт танысын деген ниетпен ол қытай, орыс, ұйғыр тілінде де шығарылмақ. Кейіннен тағы бірнеше шет тілдерге аударылады. Әрқайсысы 13 минуттан тұратын 104 серияда Абайдың балалық шағы түгел баяндалмақ.

 «Абай жолы» анимациялық компаниясының директоры Ғұсман Қажытайдың айтуынша, Абайдың идеясы бүкіл адамзаттың идеясы. Бала - болашақ. Егер балалар Абайдың балалық шағын біліп ер жететін болса, болашақта Абайдың кім екенін, Абай идеясының қандай екенін, қазақтың кім екенін біле алады.

 Абайшыл аниматорлар тағы бір игі іс бастапты. Миллиондаған көрерменнің көңілінен шыққан «Жаужүрек мың бала» фильмінің компьютерлік ойынын жасауда. Ойында жоңғар-қазақ соғысы баяндалады. Сол кездегі жауынгерлер кейпі, олардың қарулары , көліктері, түгелдей тарихи деректерге сүйене жасалған. Ойыншылар онлайнда қазақ немесе жоңғар жағын таңдап бір-бірімен виртуалды ұрыс жүргізе алады.

 Қандастарымыз қос жобаны да «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп жасауда. Бұл туралы "Қазақстан» ұлттық арнасы хабарлайды.