Абайдың есімімен аталған қанша көше, мектеп бар

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Абай күніне орай бірқатар статистикалық мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Абай – кейінгі толқын ақындар мен жазушыларды, суретшілер мен ғалымдарды шығармашылыққа шабыттандырған ұлтымыздың біртуар тұлғасы. Есімі әлемге мәшһүр, ұлы ойшылдың құнды еңбектері ондаған шет тіліне аударылған.
Абай Құнанбайұлына қойылған ескерткіштер Ташкент, Мәскеу, Бішкек, Ренн, Бейжің, Каир, Будапешт, Тегеран, Ыстанбұл, Нью-Дели, Женева, Париж, Сараево, Тбилиси, Берлин, Сеул, Харьков және Баку шаһарының көркін кіргізді.

Ал Қазақстанда ақынның есімімен аталатын 1441 көше, 12 даңғыл, 99 мектеп, 4 колледж және 1 театр бар», - деп жазды министр әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ А.Ораловтың мәліметінше, Абайдың құрметіне 1 қала, 3 аудан және 28 елді мекен аталған. Ал өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Абай облысы құрылды, оның әкімшілік орталығы – Семей қаласы. Мемлекет басшысының бастамасымен аталып өтетін «Абай күні» еліміздің әр өңірінде Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени және ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылады.