Абайдың қара сөздерін ежіктеп оқыған Е.Серғазин комиссия көңілінен шықпады - М.Жолдасбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия алдында сынақ тапсырған Ержан Серғазин сүрінді.

Оның үш кезеңде тапсырған емтиханындағы кемшіліктерді комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков жария етті.

«Ержан Мерекеұлы Серғазин мырзаның бүгін қазақ тілінен тапсырған емтиханының нәтижесі мынадай болды. Бірінші жазба жұмысының тақырыбы: «Конституция - тұрақты даму кепілі». Ержан мырза екі бет жұмыс жазыпты. Жұмыстың бас жағында әжептәуір жақсы тарихи деректер бар. Бірақ қазіргі біздің Конституциямыздың тұрақты даму кепілдігі жайы ашылмай қалған. Оның үстіне, жұмысында 24 қате кетіпті. Емлесі - 6, тыныс белгісі - 13, стильдік қате - 5. Жалпы, біздің талабымызда президенттікке үміткер азаматтар сауатты жазуы керек, сауатты сөйлеуі керек», - деді М.Жолдасбеков.

Үміткер екінші кезеңде Абайдың поэзиясы мен қара сөздерінен 3 беттік мәтін оқыған.

«Шынын айту керек, Ержан мырза ежіктеп оқыды. Кейбір мәтіннің мағынасын толық түсінбеді. Сол мәтін ішінде кездесетін қазақтың байырғы сөздерін, мәселен, қарекет, көкірек тазалау сынды сөздерді түсіндіріп айта алмады», - деді М.Жолдасбеков.

Комиссия төрағасының айтуынша, үшінші кезеңде «Қазақ өнерінің бел-белестері» деген тақырыпта 15 минут сөйлеген Е.Серғазинның ойы шашыраңқы болған.

«Жалпы, сөйлем құрауы өзге бір шетелдік азаматтың қазақ тілін жаңа-жаңа үйреніп жүргеніндей естілді. Логика, жүйе жоқ. Осының бәрін ескере келіп, комиссия Ержан Мерекеұлы қазақ тілін еркін меңгермеген деген қорытынды шығарып отыр», - деді ол.