Бұл ақпаратты ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің баспасөз қызметі таратып отыр.
«Операцияның алғашқы екі күнінде жол қозғалысы ережесінің 10 мыңнан астам бұзылғандығы анықталды. Жол қиылысы ережесін бұзғаны үшін мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолын және маршруттық көлік құралдарының аялдау ережелерін бұзудың мыңға жуық фактісі тіркелді», делінген баспасөз ақпаратында.
Естеріңізге сала кетейік, тамыздың 31-інде республикада «Абайлаңыз, балалар!» жедел алдын алу іс-шарасы басталған болатын. Балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу және жүргізушілердің назарын кәмілеттік жасқа толмаған жол қозғалысына қатысушыларға аударту мақсатында өткізіліп жатқан шара қыркүйектің 9-ына дейін жалғасады.
Акция аясында жол полициясының қызметкерлері мектептерде, балабақшаларда жол қауіпсіздігіне орай сабақ өткізеді. Қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша көлік құралдарының жүргізушілерімен де әңгімелесу өткізіледі. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелері бойынша мектеп оқушылары арасында конкурстар мен сауалнамалар өткізу жоспарланған. Бұдан басқа балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға бағытталған басқа да іс-шаралар қарастырылып отыр.