Абайсызда ауылдасын өлтіріп алған жігіт қамауға алынды
13:44, 27 Наурыз 2013
АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Ақмола облысында абайсызда кісі өлтірді деген күдікпен Бурабай ауданына қарасты Златополье елді мекенінің 23 жастағы тұрғыны ұсталды.
Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
«Күдікті ағымдағы жылғы 21 наурыз күні өз үйінің ауласында 44 жасар ауылдасын ашу үстінде итеріп жіберіп, нәтижесінде әлгі азамат үйдің табалдырығына басымен құлап, оқиға орнында мерт болды. Сот-медицина сараптамасының қортындысы бойынша жабық бассүйек-ми жарақаты жәбірленушінің өліміне себепші болған», - деп түсіндірді ресми өкіл.
Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті азамат уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.