Абайсызда оқ тиген Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне қайта кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов бірнеше сағатқа жұмысына оралып, өз міндетіне біртіндеп кірісуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Нұрлан Оразалин мәлім еткен.

- Қазіргі таңда Нұрлан Қаукенұлының денсаулығы бірқалыпты. Павлодарда. Оңалту шараларынан өтуде. Жұмысқа келіп жүреді. Дегенмен   ресми түрде денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз болып есептеледі. Астанаға барып, бақылаудан өтуі керек, - деді Нұрлан Оразалин.

Еске сала кетейік, 25 желтоқсан күні шамамен күндізгі сағат төртте Нұрлан Қасымов абайсызда аңға шыққан кезде сол иығын жарақаттап алған болатын. Бір сағаттың ішінде ведомство басшысына облыстық ауруханада ота жасалды. Бұдан кейін санавиация арқылы Астанаға республикалық травматологиялық орталыққа жеткізілді.

Ол Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып 2012 жылы тағайындалған. Бұған дейін бас дәрігер Астана қаласы «Жедел медициналық көмек көрсету республикалық ғылыми орталығы» АҚ-ның басшысы міндетін атқарған.