Абайтанушы ғалым М. Мырзахметұлының аудиокітабы жарық көрді

АЛМАТЫ. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының 80 жылдығына арналған «80 жасқа 80 кітаппен» атты кітап көрмесі болып өтті.

Онда ғалымның 1982 жылы шыққан «Мұхтар Әуезов және абайтану мәселелері» атты кітабынан бастап, бүгінге дейінгі барлық еңбектері қойылған. Университеттегі «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының атқарушы директоры Жабал Шойынбеттің айтуынша, М. Мырзахметұлының 80 кітабының тең жартысы Абайды тануға арналған. «Қазақ әдебиетінде 3 адам нағыз абайтанушы болып саналады. Олар М. Әуезов, Қ. Мұхамеджанов және М. Мырзахметұлы», - дейді ол.

Сонымен бірге, көрмеде ғалымның өзі басқаратын «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы дайындауымен Токио қаласында заманауи үздік технологиямен басылып шыққан «Абайтану әліппесі» аудио оқу құралының тұсаукесері өтті. Оның авторлары М. Мырзахметұлы, Н. Керімбаев және Ш. Әбуова. «Жақсы бала» (5-8 және 9-шы сыныптар үшін), «Жақсы құрдас», «Жақсы ұстаз», «Жақсы ата-ана» кітаптары 750 дана болып басылып шықты. Бұл кітаптардың ерекшелігі - арнайы жасалған электронды қалам арқылы оқылады. Қаламмен Абайдың кез келген өлеңін түртіп қалған жағдайда өлең автоматты түрде оқылады.

Оған қоса, аудиокітапта арнайы ойындар да ұйымдастырылған. Автордың айтуынша, бала сол ойынды ойнап отырып, Абай әлеміне қалай кіріп кеткенін де байқамай қалады. «Әзірге бұл кітаптардың 750 данасы басылып шықты. Алда 6 мың данасын шығаруды көздеп отырмыз», - дейді М. Мырзахметұлы.