Әбдіқалықова отбасы және жастар мәселелері жөнінде отырыс өткізді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отырысты ашқан Ұлттық комиссияның төрайымы Г. Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы 12 маусымда Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде қойған міндеттемелеріне баса назар аударды. Ұлттық комиссияда Президент белгілеген 10 маңызды бағыттың қатарына енген - жастарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отбасылық құндылықтарды ілгерілету мәселелері қаралды», - делінген баспасөз баянында.

Бүгінгі күні елде 14-28 жас аралығындағы 3,9 млн жастар бар. Оларды жұмыспен қамту мақсатында «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар практикасы» бағдарламалары іске асырылуда. Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы 2018 жылы 253 мыңнан астам жасты жұмысқа тұрғызуға мүмкіндік берді. Ол осы бағдарламаға қатысушылардың жалпы санының 37% құрайды.

«Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерліктің негіздері бойынша 8,5 мың жас оқытылып, 2 мыңнан астамы шағын несие алды. Кәсібі бойынша алғашқы тәжірибе алу үшін 28,4 мыңнан астамы жастар практикасына жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жастар арасынан 34,8 мың адам жіберілді. Жастарды қолдау бойынша «Жастар - ел тірегі» Ұлттық жобасы басталды. Онымен 1 млн жас үш жыл ішінде қамтылатын болады.

Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының басымдықтары рухани-адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғыртуға бағытталған. Бұл үрдісте отбасы рухани, мәдени құндылықтарды, ұлттық кодты сақтау мен көбейтуде үлкен рөл атқарады. Сондықтан осы тапсырманы іске асыруда отбасылық құндылықтарды жылжытуға аса мән берілген. Бұл мақсаттарға ҮЕҰ үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 2019 жылы 607 млн тенгеге 167 әлеуметтік-маңызды жоба көзделген.

Жазғы демалыс кезінде оқушылардың республикалық музейлерге, табиғат қорығы-мүзейлеріне және театрларға тегін кіру практикасы енгізілген. Балалар мен жастарды шығармашылық және креативтік жобаларға белсенді тарту үшін өңірлерде 208 коворкинг-орталықтары құрылды. Олардың дені Алматы қаласында және Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында ашылды.

Отырыста сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының Маңғыстау облысында орындалу барысы туралы мәселе қаралды. Тұрғындардың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында өңірде іске асырылып отырған «Бизнес 3 күнде» жобасының оңды тәжірибесі аталды. Басты міндет - төменгі кірістері бар отбасыларға өз ісін ашуға көмек көрсету. 2019 ж. наурыздан бастап жобаға 120-дан астам қатысушы - 61 кірістер мөлшері төменгі адам, 37 көп балалы отбасылар, 2 көп балалы-жалғыз басты әке, 7 жалғызбасты ана және мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын 13 адам өз бизнесін ашты. Нәтижесінде 37 тігін цехы, 11 қолөнер және 4 тоқыма шеберханасы, 21 тағам өндіретін объектілер, 25 кондитерлік, 12 сүт тағамдары мен сусындар өндіретін мини-цехтар, 2 қызмет көрсететін бизнес ашылды.

Отырыс соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар