Әбдірахманов сириялық жанжалдасушы тараптарды арандатудан абай болуға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов  сириялық жанжалдасушы тараптарды арандатудан абай болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз сириялық жанжалға тартылған барлық тараптарды Астанада қол жеткізілген әрі Женева процесі қолдауы тиіс нәтижелерге нұқсан келтіруі мүмкін кез келген арандатушылықтан, ымырасыз мәлімдемелер мен қоқан-лоқыдан абай болуға шақырамыз. Біз Сириядағы бейбітшілікті қолдауға тиіспіз. Біз бүгінде қол жеткізген жетістіктерімізді қолдап, нығайта түсуіміз қажет. Қазақстан Үкіметі атынан тараптарды бір-бірін тыңғылықты тыңдауға шақырамын», - деді Астанада өткен Сирия жөніндегі кезекті халықаралық кездесудің қорытындысында сөз алған Қайрат Әбдірахманов.

Сонымен қатар министр Қазақстан үшін мұндай жаһандық ауқымдағы шараны өткізу зор мәртебе екендігін баса айтты.

«Бірақ, біздер үшін Сириядағы қантөгісті тез арада тоқтату және сириялықтардың бейбіт өмірге оралуы барынша маңызды. Біз Астана процесінің барлық тараптары бүгінгі келіссөздерде қабылданған барлық уағдаластықты мұнан ары да ұстана беретіндігіне, өзара түсіністікті нығайтатындығына шынайы сенім артамыз», - деді министр.