Абдуллиндер атындағы ШҚО өнер училищесі қазақ халық аспаптары бөлімінің құрылғанына 20 жыл толды
Бүгінде республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде өткен байқаулардан олжалы оралып жүрген ұжымның өнерпаздары өз тойларында бар өнерін көрсетті. Айталық, Маржан Көшкінбаева жетекшілік еткен «Алас» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ұлттық аспаптар сүйемелдеуімен «Батырдың сөзі» әнін, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуын» орындады. Ал жуықта ғана Еуропа төрінен екі бірдей жүлдені қанжығасына байлап келген Жансая Зарқынбекова қыл қобызбен өнер көрсетті. Шалқар Рысхановтың жетекшілігіндегі «Жігер» ансамблі Аңсарбек Ақияшевтің «Фантазиясын» ұсынды.
Сонымен қатар, аталған оқу орнының өткен жылғы түлегі, бүгінде Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Азат Дулатұлы, Астана қаласындағы мемлекеттік академиялық оркестрдің бас сүйемелдеушісі Сәттібек Баяхов сынды түлектер де өнер көрсетті.
Кілең өнерлі ардагерлерден құрылған «Қазына» тобы өздерінің қалыптасу барысында қазақ халық аспаптары бөлімінің көп көмек көрсеткенін айтып, алғыстарын білдірсе, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Айжан Садықова облыс әкімінің арнайы Алғыс хатын тапсырып, бұл өнер ордасына арналып, жатақхана салынатынын да айтты. Ал облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жақсылық Омар өнер ұжымының шығармашылық табыстарын атап көрсетіп, ықылас гүлін сыйлады.