Әбен Нұрманов - БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитетінің кеңесшісі

None
АЛМАТЫ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің президенті Нұрманов Әбен (Әбдіәлі) Алдабергенұлы БҰҰ Адам құқығы комитетінің кеңесшісі атанды.

Бұл туралы кеше Алматыда өтіп жатқан "Happy New Year - Бақытты Жаңа жылыңызбен!» Халықаралық балалар фестивалі кезінде мәлім болды. Онда БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитетінің уәкілетті өкілі Әнуар Ниязов Ә.Нұрмановқа дипломатиялық төлқұжат, БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитеттің бұйрығы мен кеңесші куәлігін және көлігіне тағылатын БҰҰ дипломатиялық корпусының дербес құқылығын білдіретін эмблеманы табыс етті.

Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, экономика ғылымының докторы Әбен Алдабергенұлы Қытай, Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан мемлекеттерінің 8 жоғары оқу орнының Құрметті профессоры. А.Эйнштейн атындағы халықаралық энергетика академиясының, М.Нострадамус атындағы халықаралық тылсым сырлар академиясының, Ресей педагогика академиясының академигі, Ресей психология академиясының мүше-корреспонденті. Б. Момышұлы атындағы «Отан қорғаушыға» құрмет белгісінің және Ресейдің ғылым саласындағы «М.Ломоносов» орденінің, ағарту саласындағы «Гоголь» медалінің, денсаулық сақтау саласындағы «В.Бехтерев» медалінің иегері, Әзірбайжанның «Гейдар Алиев» алтын медалінің, Англияның «Қызыл Крест» қайырымдылық орденінің, Чехияның «Король Альберт Вальхштейн» орденінің, Италияның «Леонардо Винчи» орденінің, Қырғызстанның «Манас жаңғырығы» телерадиокомпаниясының «Ғасыр Адамы» атағының, Халықаралық «Мұстафа Кемал Ататүрік» сыйлығының лауреаты және алтын медалінің, «Орталық Азияның үздік ректоры» атағының иегері. «Таланттар академиясы» оқу-кеңес орталығының құрылтайшысы, Алматы қаласы гуманитарлық-коммерциялық колледжінің президенті, «Мамыр» халықаралық оқу-кеңес орталығының президент-ректоры, сондайақ Халықаралық инновациялық технологиялар университетінің ректоры.