АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық дзюдошы Абиба Әбужақынова (48 келі) әлемдік Гран-при жарысының финалында күресті.
Финалда қазақстандық балуан жапониялық Мизуки Харадамен кездесті.
Белдесу барысында Абиба белсенділік танытты. Нәтижесінде қарсыласынан 10:1 есебімен басым түсіп, Гран-при жарысының чемпионы атанды.
Ол жартылай финалда Амбер Херсьесті (Нидерланды), ал ширек финалда Спрингер Жаклинді (Австрия) жеңді.
Абиба Әбужақынова 1997 жылы дүниеге келген. Әлем чемпионатында 2022, 2024 жылдары қола алды.
Ал Азия чемпионатында 2021, 2022 жылдарда күміс медальға қол жеткізді.
2024 жылғы Париж Олимпиадасында бесінші орынға тұрақтады.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған додада әлемнің 52 елінен 438 спортшы бақ сынайды деп жоспарланған.
Гран-при турнирінде Қазақстан намысын 16 татами шебері қорғап жатыр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.