Әбиба Әбужақынова алғаш рет Grand Slam турнирінің күміс жүлдесін иеленді

Фото: дзюдо федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM – Дзюдодан ұлттық құрама көшбасшысы Әбиба Әбужақынова (-48 кг) Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан Үлкен дулыға бәсекесінде күміс медаль жеңіп алды.

Отандасымыз Әбиба өкінішке қарай финалда ресейлік Сабина Гилиязовадан жеңіліп қалды. Бұл – екі балуан арасындағы екінші белдесу. Әзірге есеп – 1-1. 

Осы салмақтағы қола жүлде Тара Бабулфат пен Тугче Бедерге (Түркия) бұйырды. 

Күндізгі сессияда Әбужақынова жартылай финалда Тара Бабулфатты (Швеция), ширек финалда Мария Селия Лабордені (АҚШ) ұтты. Ал іріктеуде Тамар Малка (Израиль) мен Гүзел Янамованың (Түркменстан) осал тұсын тапқан болатын. Осы салмақтағы тағы бір спортшымыз Ғалия Тынбаева ресейлік Сабина Гилиязовадан жеңілді.

Бұл – қазақ дзюдошысының Үлкен дулыға санатындағы турнирдегі алғашқы күміс медалі. Әбиба осыған дейін Баку (2024 жыл), Тбилиси (2023 жыл), Париж (2023 жыл), Абу-Даби (2022 жыл) мен Ұлан-Батыр (2022 жыл) қаласындағы Grand Slam-да қола жүлдеге ие болған. Сондай-ақ ол осыдан 2 жыл бұрын Ташкент татамилерінде әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесін мойнына таққан болатын. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ерлер арасында Елдос Сметов жарысты ширек финалдан ақтағанын жазған болатынбыз.