АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова Әбу-Дабидегі (БАӘ) Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды.
Әлемдік рейтингіде 4-орында тұрған Әбиба 48 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде германиялық Сара Иштпен белдесті.
Жекпе-жек барысында алдымен германиялық дзюдошыға вазари ұпайы берілді. Іле-шала қазақстандық дзюдошы вазари әдісімен шектелмей, қарсыласын таза жеңді.
Бұл – Ә.Әбужақынованың Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы жарысы.
Бүгін сондай-ақ ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Мағжан Шамшадин мен Дәурен Сүюкенов қола медальді өзара сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әбу-Дабидегі Grand Slam турнирінде Мағжан Шамшадин жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).