АСТАНА. ҚазАқпарат - Әбиба Әбужақынова дзюдодан Астанада өтетін Qazagstan Barysy Grand Slam турниріне қатыспайтын болды. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресми мәлімдемеге сәйкес Әбиба команданың медицина мамандарының ұсынысы бойынша аталған жарыстан тыс қалып отыр.
«Ташкентте өткен әлем чемпионатында алған жарақатынан (иығы) толық айыққан жоқ. Жарақатымен күрессе, оны асқындырып алу қаупі болғандықтан, Әбибаны әлемдік жарысқа қатыстырмау туралы шешім қабылданды», деп хабарлады ведомстводан.
Ә.Әбужақынова Ташкенттегі әлем чемпионатында жартылай финалда және қола жүлде үшін бәсекеде қарсыластарына жол беріп, бесінші орынмен шектелген болатын. Ал өткен жылы әлем біріншілігінде қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет қола жүлдегер атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әбиба Әбужақынованың әлемдік Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).