АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында 7 желтоқсанда ел құрамасынан Абылайхан Жүсіпов (70 келі) шаршы алаңға шықты.
Отандасымыз алғашқы жекпе-жегінде армениялық Арарат Арутюнянмен қолғап түйістірді.
Қазақстандық былғары қолғап шебері алғашқы минуттан басымдық танытты.
Шаршы алаңда ширақ қимылдап, қарсыласына көбірек соққы жұмсап үлгерді. Екінші раундта ол армениялық боксшыны нокдаунға түсірді. Үшінші раундта да қарқынын бәсеңдеткен жоқ.
Қарсыласын тағы бір мәрте нокдаунға жіберді. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен бірауыздан 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетсек, қазірге дейін ел құрамасынан Даниял Сәбит (51 келі), Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.