АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Абылайхан Жүсіпов алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді.
Абылайхан 71 келіге дейінгі салмақта түркменстандық Байрамдурды Нұрмұхамедовпен қолғап түйістірді.
Бұл жекпе-жек отандасымыздың айқын басымдылығымен өтті. Үшінші раундта ол қарсыласын нокдаунға жіберді. Қорытынды есеп – 5:0. Осылайша, Абылайхан Жүсіпов те жартылай финалға жолдама алды.
Енді Қазақстаннан Әйгерім Сәттібаева мен Сымбат Әлиасқар рингке шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Диас Молжігітовтің жартылай финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Дулат Бекбауов малайзиялық боксшыны нокаутпен жеңді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).