АСТАНА. KAZINFORM - Нидерландтың Эйндховен қаласында өтіп жатқан Eindhoven Cup халықаралық турнирінде Абылайхан Жүсіпов (70 келі) чемпион атанды.
Қазақстандық боксшы финалда Асадхуджа Муйдинхуджаевпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында ол қарсыласынан төрешілер шешімімен басым түсті.
Сондай-ақ ел құрамасынан Даниял Сәбит (50 келі) жеңіс тұғырына көтерілді. Ол финалда Даниял Баттулга Алдархишигті (Моңғолия) жеңді.
Ал Ерасыл Жақпеков (80 келі) финалда украиналық Артур Касиановтан (5:0) басым түсті.
Ел құрамасынан Сағындық Тоғамбай (90 келі) өзбекстандық Тұрарбек Хабибуллевқа есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Сондай-ақ ел құрамасынан Ертуған Зейнуллинов (65 келі) пен Сабыржан Аққалықов (75 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетсек, дүбірлі додаға еліміздің атынан 10 боксшы аттанған еді. Олардың арасынан ертерек Махмұд Сабырхан (55 келі), Ерхан Тұрдан (60 келі) жарыс жолынан шығып қалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.