Абылайхан Жүсіпов спорттағы мансабын қашан аяқтайтынын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Бокстан әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов алдағы Олимпиада ойындарынан кейін спорттық мансабын аяқтауды жоспарлап отыр. Алайда ол үлкен спорттан кеткен соң да елге қызмет етіп, кейінгі буынның қалыптасуына үлес қосқысы келеді. Бұл туралы боксшы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.

Видеодан алынған кадр

Абылайхан Жүсіпов жеті жасынан бастап бокспен айналысады. 17 жасында жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанып, кейін Рио мен Токио Олимпиадаларында ел намысын қорғады. Әлем чемпионаттарында үш мәрте қола жүлдегер атанды. Ал 2025 жылы Дубайда көптен күткен алтын медалін жеңіп алып, биыл Қытайда өткен Әлем кубогында да топ жарды.

Қазір 29 жастағы боксшы спортқа 22 жылын арнаған. Оның айтуынша, алдағы Олимпиада циклі — спортшы ретіндегі соңғы кезеңі.

— Бұйырса, осы — соңғы олимпиадалық циклім. Лицензия алып, Олимпиадаға барып, чемпион болып оралсам, мен үшін үлкен қуаныш болар еді. Ал ондай мүмкіндік болмаса, кейінгі інілерге үлгі болып, көмектесіп, Олимпиадаға дейін қастарында болуға дайынмын, — деді ол.

Спортшы болашақта нақты қай салада жұмыс істейтінін әлі шешпеген. Дегенмен елде қалып, Қазақстанға қызмет етуді көздейді. Спорт менеджменті де өзіне жақын бағыт екенін айтты.

Сұхбат барысында боксшы жас спортшылардың жиі қоятын сауалдарына да тоқталды. Оның сөзінше, жастар көбіне жарыс алдындағы қобалжу мен өзіне деген сенімсіздікті қалай жеңуге болатынын сұрайды.

— Мен де кезінде жеңіліп қалудан қорқатынмын. Бірақ уақыт өте келе оны жеңе білдік. Өмірде көп жеңілдім. Соның арқасында жеңілістен қорықпайтын болдым. Бұл да — тәжірибе» — деді Абылайхан Жүсіпов.

Боксшының айтуынша, бала кезінде ата-анасының көзінше жеңіліп қалудан қатты қорыққан. Алайда уақыт өте келе бұл сезімді жеңіп, жеңілісті спорттағы тәжірибенің бір бөлігі ретінде қабылдауды үйренген. Оның сөзінше, талай рет жеңіліп, содан сабақ алуы қазіргі жетістіктеріне жол ашқан. Соңғы екі жылда қатысқан жарыстарының барлығында жеңіске жетуі де осы тәжірибенің нәтижесі деп санайды.

Чемпион жастарға тек медаль үшін емес, өмірде де биік мақсат қоюға кеңес береді. Оның пікірінше, спорттағы жетістік адамгершілік қасиеттермен қатар жүруі керек.

— Спортта чемпион болуың мүмкін, бірақ өмірде өз орның болмауы мүмкін. Сондықтан спортта да, өмірде де чемпион болу керек. Адамгершілік жолды ұстанған жөн. Артыңнан бір із, бір жақсылық қалдыру маңызды, — деді боксшы.

Абылайхан Жүсіпов өзі өскен ауылдағы жас спортшыларға да қолдау көрсетуге тырысады. Оның айтуынша, ауыл балаларының спортпен айналысу мүмкіндігі қаладағы құрдастарына қарағанда шектеулі. Сондықтан кейінгі буынға жағдай жасап, жаңа чемпиондардың шығуына көмектескісі келеді.

Айта кетейік, күні кеше Әлем кубогында ел намысын қорғайтын боксшылар анықталды.