Әбілязовтің оффшорлық компаниясы «БТА» банкінен қайтарымсыз несие алған

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мұқтар Әбілязовтің оффшорлық компаниялары айналымдағы қаржысын арттыру үшін «БТА» банкінен қайтарымсыз несиелер алып отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматыдағы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан басты сот отырысынан.

Британдық  Виргиния аралдарында тіркелген Мұқтар Әбілязовтың бақылауындағы «Fedelm corp» оффшорлық компаниясы «БТА банкінен»  заңсыз 135 млн АҚШ доллары көлемінде кепілсіз несие алған.

Мұхтар Әбілязов және оның сыбайластарына қатысты өтіп жатқан басты сот талқылауында жәбірленуші тараптың өкілі Талғат Амантай айтты.

«БТА» банк өкілі Талғат Амантайдың айтуынша, банктің сол кездегі басшылығы компания директорының атынан миллиондаған несиені алуға өтініш дайындаған. Өтініштің мақсаты ретінде «Алау Со» ЖШС-ның жарғылық капиталын сатып алу көрсетілген. Аталған компания да Мұқтар Әбілязовтың бақылауында болған. Нақтырақ айтқанда, Мұқтар Әбілязовтің бір компаниясы миллондаған несиені алып, басқа компаниясына аударған.

«Банктің өз ішіндегі талаптары мен нормативтік құжаттары шарттарын бұза отырып, ешқандай несие алуға қажетті құжаттары болмаса да «Fdelm corp» компаниясын несиелеу үшін лимит белгілеуге шешім шығарылған», - деді Талғат Амантай.

Осыдан кейін банк басшылығы тарапынан «Fdelm corp» компаниясына 135 млн доллар жеңілдетілген несие беру туралы сауалнама парағы әзірленіп, несиелеу комитетіне берілген. Несиелеу комитеті бөлімі тікелей Әблязовқа бағынышты болғандықтан көп күттірмей қысқа мерзім ішінде бір күндік компанияны қаржыландыруға шешім шығарып берген.

«Fdelm corp» компаниясы Банк қаржысын жымқыру мақсатында заңды негізде несие алу үшін арнайы құрылған», - деді Банк өкілі.

Еске сала кетейік, басты сот талқылдауында айыпталушы ретінде БТА банкінің бұрынғы топ-менеджерлері қатысып отыр. Нақтырақ айтқанда, БТА банкінің бұрынғы төраға орынбасары Жақсылық Жарымбетов, несиелеу бойынша бұрынғы директор Қайрат Садықов, бұрынғы басқарма басшысы Садуақас Мәмеш бар.