Әбіш Кекілбаев жайдары мінезді, бөлек болмысты, текті қаламгері еді - Ғ. Жайлыбай

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әбіш Кекілбаев сынды қазақтың миуалы бәйтерегінің құлауы орны толмас қаза. Бұл туралы ойын ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай айтты.

«Әбіш Кекілбаев қазақ жұртының көз алдында өсіп, өнген жазушы. 1962 жылы алғашқы өлеңдер жинағы шықты. Ол аса үлкен халық жазушысы. Тарих тамырларына терең бойлап, үлкен шығармалар жазды. Әдеби сынмен, аудармамен айналысты. Әбекеңнің айналыспаған жанры жоқ. Мәуелі бәйтерек сияқты қазақ жұртының көз алдында өсіп-өнді. Халық жазушысы ғана емес, Еңбек Ері атағын алды. Ол екінің біріне бұйырмаған атақ. Әбекең мемлекет, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін өсті. Аса жайдары мінездің, бөлек болмыстың, текті қаламгері еді. Бүгін барша Алаш жұртының қабырғасы қайысып отыр. Әбекеңнің қазасы өзінен кейінгі маңдайын сипаған інілерінің қай-қайсысына да үлкен қаза деп есептеймін. Ол кісінің қаламгерлік қырлары, өнегелі өмірі ұрпақтан-ұрпаққа жететін үлкен мұра деп есептеймін», - деді Ғ.Жайлыбай.