«Міне үш күн болды, Қазақстан жұртшылығы бірінің көзінің жасын бірі сүртіп, алыс-жақыннан келген ағайын жұрт, таныс және бейтаныс ел біріне-бірі көңіл айтып, сабырға шақыруда. Халқымыздың маңдайына біткен ұлыларын, біртуарларын біздің тамырын тереңнен тартар ұлы жұртымыз қалай алақанына салып, қалай қадірлеп, соңғы сапарға да қалай шығарып салатындығының талай куәсі болып келе жатырмыз. Бүгін қайғымызды жеңілдетіп, көзіміздің жасын сүртіп, Әбекеңнің отбасына көңіл айтып отырмыз»,-деді Нұрлан Оразалин.
Осы орайда ол өз сөзінде 1960-шы жылдары Әбіш Кекілбайұлы әдебиетке құбылыс болып келгенін, биіктен жығылмай, ішкі тазалығын сақтап өмірден өткенін атап өтті.
«Ұлыларға тән ғұмыр кешті. Қазақта, әсіресе көркем әдебиетте «дәуір» дейтін сөзді жиі еске аламыз. «Абайдың дәуірі», «Махамбеттің дәуірі», «Жамбылдың дәуірі» дейміз. Міне кешегі «Әуезовтің дәуірі» деп айтушы едік. Енді Әбіш Кекілбаевтың дәуірі ұлттың үлкен ұлы аренасына шығып отыр. Қалың елінің әдебиетін ұлы биікке, әлемдік деңгейге, жаңа сатыға көтерді. Елбасымыздың қасында жүріп, халқы үшін жанын пида етуге де дайын екенін байқатып еді. Сол бізге үлгі әрі мектеп»,-деп тебіренді Н. Оразалин.
Сонымен қатар депутат өз сөзінде Әбіш Кекілбайұлының өмірден өтуіне байланысты Қазақстан Жазушылар одағының атына жан-жақтан көңіл айту жеделхаттары келіп жатқанын жеткізді. Көптеген елдердің жазушыларынан келген осы жеделхаттар отбасына тапсырылатын болады.