Әбіш Кекілбайұлының кез келген шығармасының арғы жағында бір тарихтың елесі тұрады - Б. Нұржекеұлы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әбіш Кекілбайұлының кез келген шығармасын оқыңызшы, арғы жағында бір тарихтың елесі тұрады.

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбайұлының қазасына байланысты белгілі жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы осылай деді.

Оның айтуынша, Әбіш Кекілбайұлының барлық шығармалары философиялық, көркемдік, мағыналық, тереңдік және астарлап айту жағынан жұмыр құрылған дүниелер.

«Тумақ бар да өлмек бар. Бірақ, үлкен азаматымыздан айрылып, қабырғамыз қайысып отыр. Әбекеңнің есімі, оның барлығының өзі әдебиетімізде әділдіктің, адалдықтың бар екендігін меңзеп, дәлелдеп тұрушы еді. Әбекең мына тарих пен өмірді тең білетін. Тарихсыз шығармасы жоқ деуге болады. Тарих саласын өте көп зерттеген. Өте көп оқыған. Тіпті, мен кезінде баспада істегенмін, кітап сұратып алып оқитын. Одан арланбайтын. Оның нағыз қазына екенін жақсы білетін. Әбекеңнің кез келген шығармасын оқыңызшы, арғы жағында бір тарихтың елесі тұрады. Тарихты терең білетіндігі көрініп тұрады. Ал тарихы таяз шығарманың өзі терең тамырлы да болмайды ғой. Міне, Әбіш Кекілбайұлының басқа жазушылардан ерекшелігінің өзі осында еді. Мықтылығы да сонда болатын», - деді Б. Нұржекеұлы.