Әбішев: «Қазгидромет» пен Су ресурстары комитеті бір жүйеде болуы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев елімізде су саласындағы негізгі проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Су көп болса, қауіп төнеді, ал су тапшылығы орын алса, онда қатер күшейе түседі. Яғни, осы екі аралықта бір ортаны ұстап тұру қажет. Бұл салада бірінші кезекте дәйекті болжам керек. Гидромет комитеттің (Су ресурстары комитеті) құрамында болуы тиіс. Атап айтқанда, «Қазгидромет» жұмысының 80 пайызы ылғалға, жауын-шашынға, қардың түсуіне байланысты. Су ресурстары комитеті көпшілік жағдайда қардың, судың мөлшері және оған қатысты басқа да мәліметтерді білмей жатады. Бір сөзбен айтқанда органдар арасында нақты өзара іс-қимыл болмай тұр», - деді Әбішев Мәжілістегі «Халық коммунистері» депутаттық фракцияның «Қазақстанның су қорларын тұрақты басқарудың шаралары» тақырыбындағы ашық отырысында.

Осы орайда ол «Қазгидромет» толық қаржыландырылмай отырғанын атап өтті. Оларда көптеген құрылғылар мен нысандар болуы тиіс, алайда тиісті деңгейде жабдықталмаған.

«Бұрындары осының барлығы бір жүйеде қамтылған еді. Екіншіден, бөгеттердің белгілі бір бөлігі ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің қарамағында. ТЖК мамандары бізге «суды жіберіңдер» дейді, ал біз өз кезегімізде суды жібермейтіндігімізді айтамыз, себебі жазда су тапшылығынан қуаңшылық болады. Сондықтан осының барлығын оларға немесе бізге беру керек. Атап айтқанда, басынан аяғына дейін біреуіміз ғана жауапты болуымыз қажет. Ал бізде барлығы жартылай құзыреттілікпен шектелген» ,- деп түйді сөзін Комитет басшысы.