Абыз рухына тағзым – Маңғыстау әкімі Әбіш Кекілбаев аллеясында сенбілік жасады

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай елордаға сапарында Әбіш Кекілбаев саябағында сенбілік жасады.

Қарымды қаламгер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев атындағы аллея 2018 жылдың мамыр айында «Астана Опера» театрына қарама-қарсы учаскеде ашылған.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Бұл аумақта қарағай, сібір шыршасы, қызыл шетен, ұсақ жапырақты шегіршін сияқты 250-ге жуық ағаш отырғызылған. Тіпті абыз жазушының өзі көзі тірісінде осы маңайға ағаш отырғызған көрінеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Әбіш Кекілбайұлы – сан қырлы талант иесі. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлкен олжа салып, өлшеусіз еңбек етті. Оған қоса, саясат саласында да елеулі еңбек сіңірген қайраткер, Маңғыстауда туып-өскен Түркіәлемінің тұлғасы. Кеше Маңғыстаудан Астанадағы инвестициялық форумға келгенбіз. Осыдан бірнеше ай бұрын маңғыстаулық ақсақал Астанада Әбіш Кекілбаев аллеясы барын еске салып, қараусыз қалдырмаңдар деп ескерткен еді. Бастама содан туындады. Қоғамдық жұмысқа маңғыстаулық жастарды да шақырдық. Әбіш атамыздың мұрасын біліп жүрсін, әрі еңбекке аралассын деген ойды мақсат еттік. Бұл жұмыстар келешекте де жалғасын табады, – деді Маңғыстау облысының әкімі тілшілерге берген сұхбатында.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Кеше Астанада өткен KGIR-2025 жаһандық инвестициялар дөңгелек үстелінде Маңғыстау облысы канадалық инвесторлармен екі жоба бойынша келісім орнатқан. Олар – метанол шығаратын зауыт құрылысы және табиғи газ өндіру зауыты. Терең өңдеу бағытындағы бұл жобалардың жалпы құны 200 миллион долларға жуықтайды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Күн райының суықтығына қарамастан, сенбілікке белсенді жастар да келді. Олардың арасында жұмысшы мамандығында оқып жүрген студенттер де бар.

Фото: Айжан Серікжанқызы

– Мен Еуразия ұлттық университетінде «Электр энергетикасы» кафедрасында оқимын. Мамандығымды өзім қалап таңдадым, еңбек адамдарының қашанда сұраныста болатынын, құрметке бөленетінін түсінемін. Әбіш атамыздың өнегелі өмірі – бәрімізге үлгі. Әрбір қазақтың жігіті елін аялап, топырағын қастерлеп, қоғамдық жұмыстарға қатысып тұруы керек, – дейді  студент Саламат Ибрагимов.

Сондай-ақ әкім 13 қазан мен 26 қараша аралығында өзі басқаратын өңірде «Таза Маңғыстау» 45 күндік челленджі басталғанын еске салды. Науқанның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және аймақтағы экобелсенділер мен еріктілер қозғалысын қолдау.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Қазіргі уақытта челленджге 33 ұжым, 43 қатысушы атсалысып келеді. Олар әр күні өздерінің экологиялық істерін жариялап, нәтижелерін арнайы онлайн күнтізбеде белгілейді. Жеңімпаздар челлендж соңында арнайы комиссия шешімімен анықталады. Жалпы жүлде қоры – 7 млн теңге. Оның ішінде жеке қатысушыларға 2 млн теңге, ұжымдық қатысушыларға 5 млн теңге көлемінде сыйақылар қарастырылған.

Бастама аясында эко-викториналар, онлайн-квиздер өтеді. Экология тақырыбындағы әдебиеттермен таныстыруға арналған «Жасыл кітапхана» жобасы және «Біз Таза Қазақстанды қолдаймыз» атты 200-ден аса стикерлер таратылып, дәрістер оқылады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқаны да Маңғыстауда табысты қорытындыланды. Жыл басынан бері акцияға 122 мыңнан астам адам қатысқан, 30 757 түп ағаш отырғызылған. 1735 техника жұмылдырылып, 35 мың тонна қоқыс шығарылған.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Туристік орындар мен халық тығыз орналасқан аумақтарға 30-ға жуық арнайы контейнер қойылып, қалдықтарды азайту бойынша үздіксіз жұмыстар қолға алынды. Теңіз жағалауларын таза ұстау мақсатында 45 жер пайдаланушы мекемелермен арнайы кесте бекітілді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Маңғыстау облысы бойынша «Tazaqazaqstan.kz» платформасына тұрғындардан 635 өтініш түскен. Оның 532-сі орындалды, 13-і орындалып жатыр.

Еске сала кетсек, Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласының тазалығы мен эстетикасы жөнінде бағдарлама түсірген еді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform