Әбілқасымова алақан арқылы төлем жасау жүйесі турасында: қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова банктердің адамның алақаны арқылы төлем жасау жүйесін енгізуіне қатысты пікір айтты. 

— Елдегі банктердің барлығы қаржылық технологиялар қызметтерінде өзара бәсекеге түсіп жатыр, яғни барынша көп клиент тартуға тырысады. Жалпы, жаңа қаржылық өнімдер мен технологияларды енгізу өте қарқынды жүріп жатыр. Бүгін Мәжілісте банктер туралы заң жобасын талқылау кезінде депутаттар биометрия мәселесін көтерді. Шын мәнінде, проблемалар әлі де бар, биометрия бойынша эталон базасы жоқ. Ол қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасалуы керек, — деді Мәдина Әбілқасымова. Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол жаңадан енгізілетін қаржы саласындағы технологиялар қауіпсіздік тұрғысында тыңғылықты тексеруден, бағалаудан өтуі керек екенін айтты.

— Сондықтан заңнама аясында банктерге қатысты қойылған ақпараттық қауіпсіздіктің жалпы тәртібі бар. Мұнымен қоса, жаңа қаржылық өнімді әзірлеу және қызмет көрсету кезінде талаптарды орындау қағидасы жазылған қаулы бар. Егер қандай да бір заң бұзу деректерін анықтасақ, онда мұндай өнімге немесе қызмет түріне тыйым саламыз, — деді агенттік басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Қазақстандағы адамның алақаны арқылы төлем жасау жүйесіне қатысты пікір айтқан еді.