«Әбіш әлемі - суретшілер көзімен»: Ақтауда республикалық симпозиум өтіп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM – Шара Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығы аясында өтуде. Оған Қарағанды, Алматы, Астана, Талдықорған, Орал, Ақтөбе қалаларының суретшілері мен маңғыстаудың қылқалам шеберлері қатысуда.
- Бұл симпозиумды классик өнерлердің басының тоғысуы деп санар едім. Өйткені бір үлкен классик шығармашыл автордың шығармаларын тағы бір классик өнердегі шығармашылық топтың көзқарасымен оны келесі шығармаға айналдыруы, осы автордың туындыларының өміршеңдігін көрсетеді. Мен Әбіш ағаның поэзиясы емес, проза жанрындағы «Шыңырау» деген шығармасын таңдадым, - дейді Алматы қаласының кәсіби суретшісі Оралбек Қабөке.
Симпозиумның мақсаты – Әбіш Кекілбайұлының шығармаларын насихаттап, дарынды шығармашыл тұлғаларға қолдау білдіріп, тәжірибемен бөлісу. Қатысушылар автордың шығармаларынан композициялық жұмыстар орындайды (жұмыстың өлшемі 80*100).
- Симпозиумға 20 шақты суретші қатысуда. Шара 4 күнге жалғасады. Суретшілер Шерқала мен Айрақты тауларына барып, пленэр жазады. Барлығына да Әбіш Кекілбаевтың шығармаларына байланысты сурет салу тапсырылды. Дайын картиналар 11 қазан күні Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында көрмеге қойылады, - дейді ҚР суретшілер одағы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Құлбаев.
Бұған дейін Маңғыстауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының арзандағаны туралы жазған болатынбыз.