Қазақтың көрнекті жазушысы әрі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Корифей» кітабы 21 қазанда XII Баку халықаралық кітап жәрмеңкесінде таныстырылды. Кітаптың әзербайжан тіліндегі нұсқасы Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қолдауымен жарық көрді.
Жиынға Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті Иса Габиббейли, Әзербайжандағы Ататүрік орталығының директоры Низами Джафаров, кітап авторы Сауытбек Әбдірахманов және аудармашылар Ханым Айдын мен Рабиға Назымқызы қатысты.
Ақтоты Райымқұлова «Корифей» кітабының Әбіш Кекілбаевтың әдеби әрі рухани мұрасын зерттеп, кеңінен насихаттаудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, шығарманың әзербайжан тіліне аударылуы қазақ қаламгерінің туындыларын кеңірек танытуға және түркі халықтары арасындағы мәдени байланысты нығайтуға жол ашады.
Сауытбек Әбдірахманов кітаптың жазылу тарихына, Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығының негізгі кезеңдеріне, сондай-ақ қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойдың дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Ал аудармашылар басылымды әзербайжан тіліне тәржімалау барысында жинақтаған тәжірибесін бөлісті.
Жиынға қатысушылар Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық мұрасы түркі халықтарының әдебиетінде айрықша орын алатынын атап өтті.
Ал халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының жаңа басылымдарын таныстыру шаралары XII Баку халықаралық кітап жәрмеңкесінде 26 қазанға дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада «Кекілбаев тұлғасы» кітабының тұсаукесері өткенін хабарлаған едік.