Әбу-Даби әуежайында жолаушылар үшін тегін қызметтер ашылды

ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірлігінің Etihad Airways ұлттық авиатасымалдаушысы Әбу-Даби әуежайында қызмет аясын кеңейтіп, авикомпания тарихында ұшу аймағында алғаш рет қонақтарға арналған күту залын ашты.

Зал қызметін бірінші және бизнес-класс санатындағы жолаушылар пайдалана алады. Жаңа зал терминалдың кедендік бақылау аймағының жанында қолайлы орналасқан.

Мұнда қажетті керек-жарақтарымен он душ кабинасы бар, киім үтіктеу қызметтері көрсетіледі. Бұл қызметтер тегін, деп атап өтеді авикомпаниядан. Сондай-ақ жолаушылар кәсіби шаштараздың қызметіне тегін жүгіне алады. Жаңа күту залында жайлы креслолар мен кең экранды теледидарлар орналастырылған. Газет, журнал, кітаптардың түр-түрі бар. Қонақтарға сусын, тіскебасар ұсынылады. Айта кетейік, Etihad Airways әуе компаниясы Астана мен Алматыдан Әбу-Дабиге рейстерді жүзеге асырады.