15:22, 01 Сәуір 2009
«Әбу-Даби Плаза» кешенін салу және Қазақстанда 'Әл-Хиләл' Ислам банкін ашу мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат – Әбу-Дабиде Астанада «Әбу-Даби Плаза» кешенін салу және Қазақстанда 'Әл-Хиләл' Ислам банкін ашу мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Наурыздың 31-інде Әбу-Дабиде (БАӘ) осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру жөніндегі қазақстан-әмірлік жұмыс тобының келіссөзі аяқталды. Бұл жұмыс тобы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы наурыздың 16-17-сі күндері Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру үшін құрылған болатын.«Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылысы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға Қазақстан тарапынан Индустрия және сауда вице-министрі Еділ Мамытбеков пен Астана әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов, ал әмірлік тарапынан - «Алдар Пропертиз» компаниясының атқарушы директоры Джон Буллу қол қойды. Меморандумға сәйкес, «Алдар Пропертиз» компаниясы өз мойнына ағымдағы жылдың шілде айында кешен құрылысын бастау туралы міндеттеме алып отыр. Ал Қазақстан тарабы өз кезегінде, әмірлік компанияға ол жобаны жүзеге асыру үшін қажетті жағдайдың бәрін жасайтын болады. «Әбу-Даби Плаза» кешенінің жалпы ауданы 510 мың шаршы метрді құрайды, жобаны жүзеге асыруды 2014 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда. Жобаның құны 1 миллиардтан астам долларға бағаланып отыр. 88 қабатты кешен Орталық Азиядағы ең биік, әлемдегі 14-ші ғимарат атанады. Жобада төрт жұлдызды қонақүйлердің, кеңселер мен сауда орталықтарының, 4100 көлікке арналған тұрақтың, тұрғын үйлер мен «люкс» санатты апартаменттердің құрылысы қарастырылған. Келіссөз барысында сондай-ақ Қазақстанда «Әл-Хиләл» Ислам банкін ашу мәселесі бойынша өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов пен «Әл-Хиләл» банкінің басқарма төрағасы Ахмед әл-Мазури қол қойған құжатқа сәйкес, банк Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін қазақстандық заңнамаға және ислам шариғатының нормаларына сәйкес жүргізетін болады. Сондай-ақ қазақстандық және араб тарабы әмірлік қайырымдылық ұйымының қаражатына Астанада 1200 орындық мектеп құрылысын салу туралы Әмірлік Президенті шейх Халифа бен Заид әл-Нахаянның тапсырмасын жүзеге асыру мәселесін талқылады. Шейх Халифа бен Заид әл-Нахаян атындағы қайырымдылық қорының директоры Мұхаммад Қажы әл-Хуридің айтуынша, олар Астана әкімдігімен бірге аталмыш жобаны жүзеге асыруға әзір. Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыруды бастау үшін қажетті құжаттар әзірленуде. Нысанның құрылысы 2010 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.