Әбу-Даби турнирі: Елена Рыбакина жартылай финалға өтті

Фото: Фото: ktf.kz

ӘБУ-ДАБИ. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби (БАӘ) WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 74-орында тұрған испаниялық Кристина Бучамен жолығысты. 

Биыл Е.Рыбакина К.Бучаны Аделаиде (Аустралия) додасында 6:3, 7:5 есебімен жеңген еді.

Бұл жолы Елена матчты өте қарқынды бастады — 6:1.

Екінші сетте керісінше испаниялық спортшы брейк жасап, алға шықты — 3:1.

Дегенмен Рыбакина сол бойда таразы басын теңестіріп қана қоймай, кездесуді жеңіспен тәмамдады — 6:4.

Бір сағат 2 минутқа созылған матчта Елена 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Буча 2 эйс, 1 брейкпен шектелді. 

Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен таласады.

Ол ширек финалда әлемнің 12-ракеткасы, чехиялық Барбора Крейчикованы жолдан тайдырды — 7:5, 6:4.

Өткен жылы Әбу-Даби турнирінде Е.Рыбакина ширек финалдан аса алмаса, Л.Самсонова соңғы бәсекеге дейін жеткен еді. 

Кейінгі кездері Рыбакинаның жолын ресейлік спортшылардың бөгеп жүргені жасырын емес. Соның ішінде Самсонова да бар.

Өткен жылы Л.Самсонова жартылай финалда Монреальда 1:6, 6:1, 6:2, ал Бейжіңде 7:6 (9:7), 6:3 есебімен екі рет ұтып кеткен болатын.

Бұл жолы қалай болады, оны алдағы ойын көрсетеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Әбу-Даби турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Михаил Кукушкин Ноттингем турнирінің ширек финалына жолдама алды.