Абу-Дабиде 6 жасар қазақстандық джитсер чемпион атанды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктерінде джиу-джитсудан өткен халықаралық турнирден қазақстандық спортшылар жүлделі оралды.

Фото: Нариман Дауылбаевтың жеке мұрағатынан

«Sagadat Batyr — QTT» спорт клубының мәліметінше, Абу-Даби қаласында өткен дүбірлі додаға әлемнің 75 мемлекетінен 2 мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде иеленді.

Фото: Нариман Дауылбаевтың жеке мұрағатынан

6-7 жас санатының 22 келі салмағында бақ сынаған Айлин Искакова алтын алды. Ол боз кілемде 2 кездесу өткізіп, Ұлыбритания мен Ресейден келген қарсыластарын мерзімінен бұрын ауырту әдісімен таза жеңген. Айлиннің жеке бапкері, қоңыр белбеу иегері Нариман Дауылбаев та ересектер арасындағы бәсекеде үздік үштіктен көрінді. Ол қоңыр белбеулер арасындағы 69 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, қола жүлдегер атанды.

Фото: Нариман Дауылбаевтың жеке мұрағатынан

Сондай-ақ ардагерлер арасындағы 77 келі салмақта Мұрат Досжанов күміс жүлде, 16-17 жас санатында (60 келі) Ерқанат Ерқұл қола жүлде жеңді.

Фото: Нариман Дауылбаевтың жеке мұрағатынан

Еске салайық, Александр Уваров ауыр атлетикадан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.