Абу-Дабиде фастфуд жарнамасына тыйым салынды

Фото: Timeoutabudhabi / Canva

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл бастама Healthy Living Abu Dhabi бағдарламасы аясында жүзеге асырылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Абу-Дабидің денсаулық сақтау департаменті қабылдаған жаңа саясатқа сәйкес, БАӘ астанасында май, қант және тұзы көп тағамдар мен сусындардың суреттерін билбордтарда, цифрлық экрандарда және сыртқы жарнаманың кез келген түрінде орналастыруға тыйым салынды.

Бұл шара семіздік, қант диабеті және басқа да созылмалы аурулармен күресуге бағытталған кең ауқымды бағдарламаның бір бөлігі саналады.

Сыртқы жарнамаға тыйым салумен қатар, билік тағам өнімдерін олардың тағамдық құндылығына қарай А-дан (ең пайдалы) Е-ге (ең зиянды) дейін таңбалау жүйесін енгізді.

Сонымен бірге жергілікті супермаркеттерде ең зиянды өнімдер адам аз жүретін аймақтарға орналастырылатын болады.

Бұған дейін Қазақстан мен БАӘ компаниялары 335 млн доллар сомаға жуық келісімдерге қол қойғаны хабарланды.

Сондай-ақ, Қазақстан БАӘ-ге астық, ет және майлы дақылдар экспортының көлемін арттырмақ.