Әбу-Дабилік өнертапқыш ауыз су проблемасын шешетін құрылғы ойлап тапты

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірлігінің азаматы Абдулла әл-Шехи шөл және шөлейтті аймақтарды таза сумен қамтамасыз ететін жаңа су құрылғысын ойлап тапты.

Бұл экологиялық жағынан таза технологияларға иек артып отырған БАӘ үшін үлкен жетістік болып табылатын маңызды қадам екенін айта кету керек. Бұл жайында Green Prophet хабар таратты.

Аталмыш құрылғы суды тұщыландыру үшін көп электр қуатын қажет ететін ысырабы көп технолгияны алмастырып, шөл және шөлейтті аймаққа жататын Таяу Шығыстағы ауыз су проблемасының оң шешім табуына септігін тигізеді.

31 жастағы өнертапқыштың бұл туындысы ауадағы ылғалды өзіне сіңіріп, ішуге жарайтын ауыз суға айналдырып береді.

muslim.kz сайтының жазуынша, өнертапқыш Khaleej Times басылымына берген сұхбатында «Al-ma'u» (арабша «су» деген мағына береді) деп атаған құрылғысы су массасының 20 шаршы миль алаңынан айына 253,6 млн литрге дейін тұщы су алуға мүмкіндік беретінін айтқан. 

Өнертапқыштың өзі аталмыш құрылғы су тапшылығын сезініп отырған елдерге көмектесетініне сенім артып отыр.