Әбу Насыр әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи еңбектері малай тіліне аударылуы мүмкін

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Малайзияның Селангор штаты делегациясымен кәсіби және мәдени ынтымақтастыққа арналған ресми кездесу өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али мемлекет тарапынан кітапхана саласына жүйелі қолдау көрсетілетінін, сондай-ақ, министрлікке қарасты кітапханаларды модернизациялау мен олардың дамуына баса мән берілетінінн атап өтті. 

— Селангор штатының Бас министрі Амирудин бин Шари Қазақстанмен мәдени байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Ол ислам мұрасын зерттеу аясында Әбу Насыр әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи еңбектерін малай тіліне аударуға ықылас танытты. Сонымен бірге балалар кітапханаларының әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып отырғанын айтты, — делінген хабарламада.

Селангор Қоғамдық кітапханасы корпорациясының директоры Мастура бинти Хаджи Мухаммад пен ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайберген өзара серіктестікті дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды. Кездесу барысында тараптар цифрландыру, тәжірибе алмасу және жаңа сервистер енгізу мәселелерін талқылады. 

Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты көпшілік біле бермейтін тарихи сыр туралы оқығыңыз келсе мына сілтемеге өтіңіз.