Осыдан біраз жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде профессор Мұрат Мұхамедовтың (қазіргі сенатор Бақтиярұлы) «Ұлт Бойтұмарына» арнаған мақаласы шыққан еді. Сонда мерейтойына байланысты Әбіш Кекілбаев туралы ол былай деп жазды: «Жасампаз жазушының қаламына ілесіп, байтақ елдің елдігіне бойлайсың. Қиялымен қатар ұшып, ерлік пен елдіктің мекеніне жетесің. Зиялы ойдың зиятын, затын танып, замандастарыңмен қауышасың. «Күншуақта» жыр толғап, «Дала балладаларының» кейіпкерлерімен сырласасың. «Елең-алаңда» ұлы жолға шығып, «Үркер» ауа ұйысқан елдің ұлтанына құлап, тізгін тартасың. Тарих сахнасындағы «Абылай ханның» құзырында қалың қазақтың қамын жейсің. «Заманамен сұхбаттасып», «Азаттықтың ақ таңын» қарсы аласың! Кітаптарының аты айтып тұрғандай, Кекілбайұлының көркемдік кестесі ұлттық құндылықтардың алтын жібімен әдіптелген. Әулие-әнбиелер әлемінің әлдиімен оянып, Маңғыстаудың ұлу тастарына табанын батырып, Үстіртке шыққан, «Адай» күйімен қайраттанып, Абай жырымен айдынданған ардақты ағамыз иісі қазақтың, түркі жұртының мақтанышы. Айтар сөзге алфавит те көп. Егер Әбіш ағаның шығармашылығы мен қайраткерлігі жайлы жата-жастанып әңгіме тарқатар болсақ, орақ орған ауызға да, орап сөйлеген тілге де орасан салмақ түсер еді. Бұл енді әдеби зерттеушілер мен тарихшылардың еншісіндегі міндет. Келер күннің сыбағасы».
Шындығында, Әбіш Кекілбайұлы келер күнге тау-тау сыбағасын тастап кетті.
Аузы дуалы, сөзі уәлі қайраткер күні кеше (бақиға аттанардан бір күн бұрын 10.12.2015 ж.) Сенатта болып өз әріптестерімен бір жүздесіп, үзеңгілес інісі Мұхтар Алтынбаевтың 70 жылдық мерейтой салтанатына қатысқанын көргенбіз. Абыз аға тұтқиылдан о дүниеге аттанып кететінін ешкімге білдіртпеген күйі мінбеге шығып, құттықтауын да жолдаған еді. Сол салтанаттағы Абыз ағамыздың алтын үні біздің таспамызда да сақталып қалыпты. ҚазАқпараттың қалың оқырманына осы таспаны жариялағанды жөн санадық.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ: «Қадірлі бауырлар! Біз соғыс тұсын көрген ұрпақпыз. Біз ұшақтан қатты қорқушы ек. «Ұшақ келе жатыр» дегенде бауырына болмысын құшақтап, Әзірейілдің өзі түсіп келе жатқандай қорқатынбыз. Сол үлкен қорқыныштан әліге дейін, біразға дейін арыла алмай жүріп, қазір бәріміз оны ұмыттық. Осы үлкен жолда, үлкен тарихтың әрбір белестері менің көз алдымда жатқан сияқты.
1954 жылы Красноводскіге бардым. Қаланың сыртында сарыкемік таулар бар екен. Сол таулардан зымырандар ұшып шығып, біраздан кейін барып Каспий жыртылып бара жатқандай жер күңіренеді екен. Бұл қазіргі мына Мұхтарлар отырып жүрген реактивтердің алғаш шыққан кезі болуы керек. Сол кезде қалада шұбырып бара жатқан армяндар, түркімендер, қазақтар тоқтай қалып көкке қарайтын. Одан кейін мен 60-жылдары сол Түркіменияға тағы бардым. Сонда, Байрам Әлидің тұсында «Москва» дейтін совхоз бар екен. Сол совхозға келе жатсақ, алдымызда бір сеңсең бөркі селкілдеп мотоциклге мініп түркімен келе жатыр. Бір уақытта көк төбеден жаңағыдай қырғи құстар құсап күміс қанат самолеттар шыға келді. Сүйтсем, әлгі түрікмен машинасынан тоқтай қалып, біразға дейін қарап тұрды да, басын шайқап-шайқап жіберіп, құйғытып ала жөнелді.
Ал одан беріде, тіпті беріде Мары қаласында қазақ прокурорының үйіне отырғанда тағы да сондай күр-күр шықты. Сонда қорадағы балалардың бәрі «Ағалар кетіп барады, біздің ағалар кетіп барады! Ура! Ура!» деп аспанға қарап айқай салды. Сүйтсем бір кездегі халыққа қорқыныш болған мамандық үлкен мақтанышқа айналған екен. Және сол күні жаңағы үй иесі кеңкілдеп тұрып күлді: «Біздің мына балалар, осында ТүрікВО-ның үлкен әскери құрамасы бар, дивизиясы бар, сол дивизияның командирі өрімдей жап-жас қазақ жігіті еді. Соны біледі екен. Мыналардың айқайлап тұрғаны, сол кетіп бара жатыр деп қуанып айқайлап жүр» деді. Сол кезде бүкіл Түркіменияны шулатқан, бүкіл Орта Азия әскерлерінде мақтанышқа айналған қазақтың даңқты офицерлері болатын: Сағадат Нұрмағанбетов басқарған, соған Мұхтар ілескен.
Солар көп ұзамай өзіміздің ортамызға келді. Сағадат қазақ әскерінің атасына айналды, Мұхтар қазақ аспанының қожасына айналды. Сүйтіп, бірін-бірі толықтырып өсіп келе жатқан екі жігітіміз кейін Қарулы Күштеріміздің үлкен панасына айналды. Сағадат кетті, орнында Мұхтар қалды. Мұхтар бір емес екі рет үлкен министрлікте қызмет істеді, бастық болды. Оның артынан өзінің төл мамандығы - әскери ұшқыштығын әлі тастаған жоқ. Екеуі де Армия генералы атанды. Сүйтіп, қазақ әскерінің қатарға қосылуы, қалыпқа түсуі, қазір енді жер бетіндегі тәуелсіз мемлекеттерінің ішінде әлеуетті үлкен елдердің біріне айналуы - осы Сағадат пен Мұхтардың атына тығыз байланысты деп есептеймін.
Бұл ретте көзің тірі болғанымен, өзің жас болғаныңмен, Сенің еңбегіңді халық та өлтірмейді, тарих та өлтірмейді. Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен мақтанышының бірі болады деп санаймын. Бір кездегі самолеттен қатты қорқатын халқың қазір сенімен бірге ту-у көкке ұшып жүр. Сен Жерді сонау Аспанға дейін биіктеттің, Аспанды Жерге дейін аласарттың. Екеуінің арасындағы үлкен айырмашылықты жойдың. Бұл халықтың көкейіндегі техникаға деген, самолетке деген үлкен таныс стихиялардың барлығына деген қуаныштарды орнықтырды.
Жасың жас! «70 деген жігіттің жасы» дейді, сол өтірік болмады ғой, рас екен, көзіміз көріп келе жатыр! Тепсе темір үзетіндей тегеурінді қалпыңда тұрсың. Халықтың көз алдындасың. Парламент деген де майдан. Осы майданда нағыз офицердің сөзін сөйлеп, нағыз патриоттың сөзін сөйлеп, халықтың қамын жеп, Отанымыздың құдыретін, намысын ойлап, өмір сүре бер, жүре бер! Осыған тілектеспіз!»...