Абзал Әжіғалиев: Олимпиада ойындарында атой салу - әр спортшының арманы

Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА.KAZINFORM — Шорт-трек спортынан әлем кубогының чемпионы, Азия ойындарының алтын медаль иегері Абзал Әжіғалиев елордада өткен Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізді. 

Жарыстан кейін, спортшы Kazinform тілшісіне алдағы жоспары туралы айтып берді.

— Олимпиада ойындарында атой салып, медаль алу әр спортшының арманы. Әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғау үшін әрқашан бар күшімді саламын. Алдағы маусымда төрт кезеңнен тұратын әлем кубогында Олимпиадаға жолдама жеңіп алу басты мақсат. Бәсекелестік өте жоғары, жарыс кестесі өте тығыз, — деді ол.

Абзал Әжіғалиев спорттық мансабына байланысты сұраққа жауап берді.

— Мен өзімді елімізде шорт-трек спортынан тәжірибесі ең мол спортшымын деп айта аламын. Қазақстанда бұл спорт түрі әлі даму үстінде, кәсіби спортшылар саны әлі жазғы спорттағы сияқты көп емес. Алайда, командаға жас спортшылар келіп, жақсы өнер көрсетіп жатса өте қуанышты боламын. Спорттық мансабымды өз уақытында аяқтау керек болады деп ойлаймын. Сол себепті, оларға өзімнің барлық тәжірибеммен бөлісуге тырысамын, — дейді даңқты спортшы.

Айта кетерлігі,Абзал Әжіғалиев 2016 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен шорт-тректен әлем кубогында 500 метр қашықтықта чемпион атанып, елімізге осы спорт түрінде әлем кубогынан алғашқы тарихи алтын медаль сыйлады.

Еске сала кетсек, Астанада 11-15 қыркүйек аралығында шорт-тректен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр